Аспанға көкіректен жыр ұшуда

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

 

Шәлкөде

Шәлкөде жайлауында Қабандының,
Тасқын ой келіп жатыр маған бүгін.
Таулардың төбесінде тілеп тұрмын
Елімнің, ағайынның амандығын.
Жырлары Мұқағали аса бекем,
Жөңкілді көз алдымда «Атамекен».
Оқысаң еміреніп тау басында
Бауырына балапандай басады екен.
Құдалар Қазалыдан елге келді,
Шабыты Шәлкөденің дем береді.
Албанның жайлауында Айғайтаста
Жаратқан бізге нығмет берген еді.
Көрсетсек Алматыда тамаша аз ба?
Құмарды алданыш көп таратарға.
Мекенін бабалардың көрсетуге,
Әкелдік құдаларды Қарасазға.
Қарасаз, Елшенбүйрек даңқты есім,
Мынау жұрт Шәлкөдені дәріптесін!
Жырларын Мұқағали оқысын да
Ұрпағын ұлы өлкеге алып келсін!
Ұрпағын алып келсін, шөл қандырып,
Ойлантсын, ұлы жырмен толғандырып.
Көркемдік көкжиегін кеңітіңдер
Жырларын Мұқағали қолға алдырып.
Бабамның бай мекені жасыл алқап,
Сағыныш… болмақ емес басылар сәт.
Жата қап етпетімнен елден бұрын
Жыр төктім шөбін сипап, тасын алқап!..
Мен туғам Айғайтастың шығысында,
Бұл өлке мақтанышым, ырысым да.
Көргенде көк жайлаудың көрінісін,
Аспанға көкіректен жыр ұшуда!..
Шәлкөде, 08.08.2021ж.

ӘМУ ДӘРИЯСЫ

Сөз шығады сөлімен қаза берсең ой түбін,
Ақындардан туады сырлы сұлу жойқын үн.
Түркі жұртын кенелтіп ризыққа бөктірген
Сенің ұзақ тарихың дастан болған Жейхуным.
Әму жердің тамыры, қан жүгірткен далама,
Айдынына телміріп көрсем шөлім қана ма?
Нелер өтті басыңнан, кімдер кешті суыңды?
Саған қарап сан ғасыр оралады санама!..
Тартушы едің толқып сен, Аралыңа асығып,
Пәс ағасың бүгін сен екпініңнен басылып.
Тәңір таудың бастауын тарту еткен Тәңірім
Аралыңа құйсаңшы, шаттығымды асырып!..
Түріктерге нәр берген, Азияның еркесі,
Сеніменен халықтың көтерілген еңсесі.
Баяғыдай баппенен, лықсып тасып ақ төмен
Достарымды сүйінтіп, жауларымды өртеші!..
Ертіспенен Әмудің арасында өскеміз,
Мал мен бастың қамы үшін қыс пен жазда көшкеміз.
Әму саған еңкейіп сәлем беріп бет жудым
Көз алдымнан өтуде бабаларым кешкен Із.
Сейхун – Сыр мен Жейхун – Бақ, күре тамыр қос арна,
Өміріне қызығам өлеңіме қосам да.
Емізумен келесің, жағаңдағы жандарды
Қиялым боп толқисың, қалам алсам қашан да!..
Өзбекстан – Үргеніш

ДЕГБІРДІ АЛҒАН ӨМІР-АЙ!

Жазғаныма жаным бір семірмеді марқайып,
Үмітпенен осылай кетеміз бе қартайып.
Аз жасау мен көп жасау шығармайды құныңды
Қуануға бола ма жүрген күйге қалқайып?!
Белгілі боп тұрса да баратын жер, нысана,
Берік байлам, бекім жоқ, атқаратын іс ала.
Бірде жетпей шеберлік, бірде кем боп ықылас,
Кейде іштей егіліп, жүрек толды құсаға.
Бар жұмыстың салмағы түсер қиял, жүйкеге,
Шырпы басым лап етер күкірт күнге сүйкеле.
Күндіз өңнен кетпейді, түнде түстен шықпайды
Бізден шалғай болып тұр нық шығатын сый төбе.
Өз нашына келтіріп, бабын тауып жазар күн,
Қашан шіркін болар деп, кетіп жүр сол мазам мың.
Дегеніме көнбейтін, дегбірді алған өмір-ай!..
Тығырыққа тірейді, тұманданып көз алдым.

ТҮЙСІК ДҮРБІСІ

Қазағы едім Әулие шоқы, Құлжаның,
Өмірге ғашық, өнерге ғашық бұл жаным.
Тірліктің мынау зіл батпан ауыр салмағы
Жаншылып жаным, аршылып тәнім мылжамын.
Таныған менің таланттарымды талғам зор,
Санама сіңіп, таразы жүрек салған жол.
Өз әлін біліп, өз әнін айтқан озады
Қолы жетпеске зорыққан байғұс алданды Ол.
Түйсігім солай, жасаған емес аңғалдық,
Қалыбын біліп, қауқарын сынап қамдандық.
Мен ерте көрген көмескі сәуле біртіндеп
Жарқырап тұрып жанған кезінде таңғалдық.
Аллаға шүкір өнерге дүрбі болғаным,
Жақынға емес, алысқа қанат қомдадым.
Ертеңгі күннің шуағын айтып келемін,
Не болар дейсің, аязда бүгін тоңғаным?!.

ХЫЛУЕТ

Болса егер жүрегіңе жылу өткен,
Тиіссің ойлануға бір рет кең.
Пәни мен Бақиыңды таразылап
Қашпайсың ақыр түбі Хылуеттен.
Жаныңды, тәніңді де оңашалап,
Ойлардан құтыласың орашолақ.
«Егінін ақыреттің» дұрыс ексең
Жәннаттан тиер саған оңаша бақ.
«Егінің» – пәнидегі ізгі амалың,
Құнынан артық дер ем жүз қаланың.
Алдағы ақыретпен салыстырсақ
Түк емес күйгенің мен мұздағаның.
Түк емес бұл жалғанда өртенгенің,
Сыйса сол, сыйлы болар өлшемге кім!
Бақида Жұмақ-Тозақ тас таразы
Әйтпесе табылады өлсең кебін.
Ештеңе қалған емес айтылмаған,
Ақ ниет аршып алар Лай-тұнбадан.
Хылует – тіршілігің түзу болса
Ақырет адресін айқындаған.
Хылует – ізденісің, ғибадатың,
Батпайды сонда ғана құйға басың.
Тақуалық тағдырыңа серік болса
Белгілі орта жолда қирамасың!…

АБАЙДЫҢ ЖАСЫ 

Рух бердім бе шөл қысса қанатындай,
Ертеңге де ескірмей қалатындай?!
Армандаған асуға жете алдым ба,
Қағылады байқасам қанатым жай.
Хакім Абай жасына жуықтадым,
Атса деп ем арайлы туып таңым.
Ақыл жеңіп басымды ой шырмайды
Салқын тартып барады, суып қаным.
Жасты қойшы, қосылар, не тыйылар,
Елге берген еңбекпен не сыйым бар?
Туған жерді ойлаймын жатқа кеткен
Отанымда отырмын, қос үйім бар!
«Елу тоғыз» ұлы Абай жеткен шыңға,
Қосылыпты Раббысы, Көк пен Шынға.
Әр сөзінен бүгінде нұр тарайды
Құпиясы иірім, бөккен сырға.
Есеп беріп отырмын бұл жасыма,
Қуаныш аз, толады мұң басыма.
Құдай жолын көрсеттің Алашыңа
Жеміс беріп кетіпсің мың ғасырға!..
Мендегі бір қанағат, адаспадым,
Мал-дүние, мансап деп таласпадым.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»
Шұғылалы – иман нұр, бар аспаным!…

КҮПІР

Танысаң бармас едің асылыққа,
Айтасың, ойпыл-тойпыл асырып та.
Шыққан сөз жүрегіңді көрсетеді
Ешқашан қала алмайсың жасырып та.
Алламен айтысатын сен кім едің?
Жазғанға екі шумақ желбіредің.
Жан болып жүргендігің кімге керек
Сезбесең ғалам тілін, жер жүрегін.
Сен болсаң жазғырасың Жаратқанды,
Әлемге мейір шуақ таратқанды.
Меңгеріп отыр Ұлы Жаратушы,
Күн батып қайта айналып таң атқанды.
Шайтанның тәкаппарлық соры болды,
Тозаққа жағар отын орып оны.
Жүргендер Алла алдында тәсілім боп
Шүбасыз екі әлемде жолы болды!…

Пікір қалдыру