КӨКЖАЛ

Айгүл ЕРМЕКОВА

«Шілденің ми қайнатар ыстығы әне басталады, міне басталады, көрерсің де, білерсің, биылғы шілде былтырғыдан да асып түседі, құмға жұмыртқа піседі әлі, сонда болар қызық пен шыжық, енді бес күннен кейін тұздың Иесі келіп, тұзға түсу маусымы да маңдай тірейді, жарықтық» деген алып-қашпа сөз сымпылдағалы қашан! Ал, ыстық асығар емес, кесір қылғанда тұздың Иесі келетін шілденің жетісі күні шелектеп жаңбыр құйғанын қайтерсің. Сордың ортасындағы қамыс лашықтан бір баяу үн бәсең-бәсең көтеріле келе кәдуілгі сазды әуенге айналып бара жатты.
… Ай, ай, ай-ау!
Тоқал деген қайнама қазақ екен-ай,
Тоқал болып, күн көру, азап екен-ай!
Сансыратып жаныңды тыным таппай-ай,
Тоқал, тоқал дегізген мазақ екен-ай!

Пай, пай, өмір-ай,
Алабұртқан көңіл-ай!
Сүйген жүрек бір күні,
Кетсе қайтем, өліп-ай,
Пай, пай, өмір-ай, ау-ай!

Ай, ай, ай-ау!
Шынтақтап, қашан жатам, өз төрімде-ай,
Боларын дәл осылай сезбедім бе, ай!
Жалтақтап, қайырышының күнін көріп,
Тоқпағына өзгенің төзгенім-ай!

Тоқал, тоқал дегізіп-ай,
Боқтық сөзді жегізіп-ай!
Жүргенімше, ой, Аллам-ай,
Кетсем деймін, қара үзіп-ай, ау-ай!
Тұзды суға аяқтарын тобықтарына шейін малып тұрған қатындар сазды әуеннің сөзіне таңдай қағысты. Тіпті кейбіреулер «Бұл мүмкін перінің қызы болар, Шажабайдың тұзды сорынан біреулер перінің қызын да, кемпір-шалын да көріпті-міс деген сөзді естідік», деп күмпілдесе, ала дамбалының балағы тобығына түскен бір әйел: «Менің шалым түйесін іздеп жүріп осы сордан сиыр мінген қызға қарсы жолығып қалыпты. «Кімсің-ай?» деп дауыстаған екен, анау сұқ саусағын шошайтыпты да жоқ болыпты. Шошыған шалым «Астағфиалланы» қайталай беріпті. Оны құтқарған осы құдыретті сөз, әйтпесе, жындыханадан бір-ақ шығады екен», – деді жанындағыларға үрей тастап.
Осы сөзді күтіп тұрғандай, қатындардың ішінен біреуі:
– Ой-бай, перінің қызы… жатыңдар, Алла, Алла, – деп айқайлады да, өзі бетін басып, екпетінен құлай кетті. Тура жаңа ғана ән естілген лашықтан жалаңаш денесіне қап-қара балшық жабысқан орта бойлы әйел ұзын шашын жайып жіберіп, тұзды суды кешіп, тіп-тіке жер бауырлап жатқан қатындарға қарай келе жатты. Жатқандардың біреуі басын сәл көтерді де:
– Құрыдық, ойбай, Алла, құтқара гөр, – деді де, талықсып кетті ме, әйтеуір, үні өшті.
Балшықтан шыққан әйел үн шығармастан, арбадағы ағаш бөшкеден шелекке толтырып, су құйып алды да, әуелі бет-аузын, қос анарының үсті мен екі қарын шала-шарпы жуып, қалғанын басына төңкере салды. Еңкейіп арбаның доңғалағына қыстырған киімдерін сүртінбестен киіп алды. Сонан кейін күрең аттың сауырына ескі көрпені тастай салып, ырғып мінді де:
– Ей, апайлар! – деді дауысы саңқ етіп. – Мен Тортайдың тоқалы едім, мына дөңбектей боп жатқан соның бәйбішесі. Әй, бәйбіше, сен маған күн бермедің. Тұрсам – сопақ, отырсам – опақ болдым. Енді сәбиім екеумізді «Барса келместен» іздеңдер.
– Не дейді, мына жүзіқара, түс аттан, сен менің басыбайлы күңімсің! Көрдің бе, бұл жүзіқараға тіл біткенін. Осыдан үйге барған соң, отағасыма айтып, сені өткендегідей өлесі етіп, сабаттырмасам, Қарашаш атым құрып кетсін! Сәбиде шаруаң болмасын, оны туған сен емес, мына мен. Қатындар, тұрыңдар, мына кесірді аттан аударып алып, арбаның доңғалағына байлап тастайық! – деп бәйбіше айқайға басты.
Етпеттеген әйелдер ес жиып, еңсе тіктегенше, тоқал атына қамшы басып, көз ұшынан бұлдырап ұзай берді.
* * *
Талшын тізгін тежеместен сол құйындатқан күйі көлшікті жағалай қоныстанған шағын ауылдың ортасындағы еңселі ақбоз үйге екпіндей келіп, ат басын тіреді. Сықырлауықты алақанымен итере ашып, іргеде бесік тербетіп отырған он бір-он екілер шамасындағы қызға бұйыра сөйледі:
– Әукетай, баланы шешіп, жақсылап ора, киім-кешегін дорбаға сал. Мен атты ерттейін, Құдайым оңдап, бүгін Тортайдың жолаушылап кеткені мұндай жақсы болар ма?
– Апай, мен қайтем, өзіңізбен бірге ала кетіңізші, а?!
– Бұл жолы емес, қарағым. Кейін бір сәті түскенде алып кетем. Әзірге ешнәрсе білмеген боп жүре бер, жарай ма!
Қыз жасқа булығып, үнсіз басын изеді. Құндақтаулы баласын көтеріп, табалдырықтан аттай бере Талшын әлдене есіне түскендей кейін бұрылды:
– Айтпақшы, Шанақ сұраса, «Жертөле» деп айтты дерсің! Ұмытпа, «Жертөле»…
Оны-мұнысын ердің қасына іліп, үлкендеу қапты қанжығасына байлап, атқа тақым салған Талшын құбыланы бетке алып, жорта жөнелді. Сүмбіл күрең екі рет аузын кере ашып, есінеп, екі рет қатты пысқырды…». Иә, Жасаған, пендеңнің жолын оңғара гөр!» деді келіншек күбірлеп.
* * *
Тортай Жақсығұл баласы Тайсойған өңіріндегі аса ірі байлардың бірі, беделді кісі, аузымен құс тістеген айтулы шонжар. Руы – Шеркештің қылышкестісі. Ал, Қылышкестіден – Қылыш, Кесті, Телес. Бұл – Телес атасынан. Мыңғырған төрт түлік иесінің бір кемшін жері – ер баласы жоқ, бәйбішесі Зейнептен бес қыз, одан кейінгі тоқалынан үш қыз. Содан әрі ойланып, бері ойланып, алпыс бір жасқа ауған шағында малды аямай беріп, кедей Өренқұлдың жалғыз қызына қармақты салып, қоярда қоймай көндірген. Он бестен он алтыға енді аяқ басқан ай мен күндей ару әкесінен мүшел жас үлкен шалға барғысы келмей тулап еді, ақылды шешесі Гүлайым қызына: «Әй, қызым, бізді жерге қаратпа, қыз тусаң, өздері де саған бостандық береді, ұл тусаң, беделің артады, бірақ, түптің түбінде ана екі сұмырай, бәйбіше-тоқалды айтамын, саған жазым жасауы мүмкін. Сәбиді ұрлап болса да өзің еміз, ұл болса, шарананы бәйбіше бірден бауырына басып, «Өзім тудымға» салады. Сол кезде бірдеңе ойластырып қайраттанарсың», – деді де қызын құшақтап:

…Айдай көркем, жаным-ау,
Шолпан жұлдыз, таңым-ау!
Құдайым сені ұл қылмай,
Лаңға қойды-ау, салып-ау!
Өмір деген осы екен,
Малы бардың досы екен!
Ала-құла дүние,
Сені туып, қор қылғанша,
Тумағаным, жақсы екен-ай!
деп, дауыс көтеріп, Аллаға мұңын шаға бастап еді, әйелінің үнін құлағы шалған Өренқұл:
– Әй, қатын, «Құдай салды, біз көндік» деуден басқа амал-айла жоқ, бір түнде ұрланып көшер едік, барар жер, басар тауымыз, қане! Қаңғып айдалада өлеміз, қайрат қылып, қарсы тұрар не жанашыр ағайын, не тума-туыс жоқ бізде. Сен жалғыз, мен жалғыз, «Жалғыздың жары – бір құдай» деген, жаратқанға жалбарынып, әліптің артын бағайық, басқа амалды көре алмай тұрмын, – деп босағаға тізе бүкті.
Төртқанат қараша үйдің ішін үнсіздік жайлады. Шаңыраққа ұшып келіп, көкек қонды да құйрығын шошаңдатып, «Көк-өќ, көк-өк, басқа амал жоқ», – дегендей сұңқылдай жөнелді. Осы сәтте Талшын қыз:
– Көке, маған кездігіңді сыйлашы, танауы пысылдап, тер сасып, жеркенішті түрімен қасыма жата бергенде, кездікті жүрек тұсына бойлата сүңгітіп, белдеудегі ерттеулі арғымаққа ырғып мініп, «ұшарымды жел, қонарымды сай», қылайын, аржағын бір құдай біледі. Көмектессе көмектесер, көмектеспесе «Өзекті жанға бір өлім» дегендей, – дей бергенде, шешесі шап беріп, қыздың аузын орамалмен басты да:
– Айналайын-ай, айта көрме, ондай сөзді. Періштесің ғой сен, бір Құдайдан жәрдем сұра! Алпауыттарды ауыздықтаған Құдай, әлі ерінінен емшек сүті кеппеген періште-пендесіне рақымын төгер, – деп солқылдай жылады.
– Ей, қатын, қатайт денеңді, жеті мүшеңе ойлануға мүмкіндік бер, сенің көз жасың кімге дәрі. Бостан-босқа қызымды шаршатасың, одан да ақылдасайық, не дейміз, әлгі, Тортайға! Ол: «Шегіне бермейік, келесі жетінің сәрсенбісінде қызды алып кетеміз, сендер де ересіңдер, тойдың бас-аяғына шейін боласыңдар! Той тойлап, қалыңға берілген дүния-мүлікті алып, қырық қара мал мен бір отар қой-ешкіге ие болып, айдасқандарға басшылық жасап, үйлеріңе ораласыңдар» – деді ғой осыдан екі-үш күн бұрын!
Ақша беті аздап көгіс тартқан, мойыны құрықтай, қою да, қолаң шашына ептеп ақ кіре бастаған, бадана көз, пісте мұрын, сәл көнтіктеу ерінді, оң жақ құлағының түбінде тебен иненің көзіндей қап-қара меңі бар, сымбатты әйел басын көтере қызына қос жанарын қадай қарап:
– Бізден дәрмен кетті ғой, енді не болғанда да соның айтқанына көнбеске шара жоқ. Қарағым, не істесең де әбден ойлан. Өзіңді бір, бізді екі құрбан етпегейсің! «Дүние екі айналып келмес маған», «Мың күн жұмақтан, бір күн тірлік», деген емес пе, – деп бәйбіше ауыр күрсінді.
– Анашым, басымызға қара бұлтты үйіріп, қара қазанды қаспағымен төңкере бермейік, бір жөні болар! Мен ет асып, шай қояйын. Күліп отырып, тамақ ішейікші бір, – деп Талшын орнынан шапшаң тұрды. – Бұрын қаңсыңқырап жататын ыдыс-аяқ Тортай бай келіп-кеткелі майлана бастады ғой. Апырай, «Бай-байға, сай-сайға құяды», деген мәтелді естіп едім, енді «Бай жарлыға құяды», – деген жаңа мәтел пайда бола бастады ғой. «Дүния кезек, тергенің тезек еді, енді сиырдың боғынан жапошкі илеп отырсың», – депті ғой, бір кемпір бір кемпірге! – Талшын сықылықтай күліп еді, әкесі мен шешесі қосыла күлді.
– Баяғыда, – деді Өренқұл үнін көтеріңкіреп, – Тезек дегеннен шығады-ау, астымда бел күрең, әкем жалғыз атын маған «Міне бер» деп беріп қойған. Өзім қаражаяу емеспін, аз-мұз домбыра шертіп, ән саламын, ептеп-септеп суырып салатыныным да бар. Қарашоқыдан төмен түсіп, Алтын қазғанды етектеп, атымды желдірте аяңдап келе жатсам, құлағыма бір әннің ызыңы естілгендей болғасын, атымның басын іркіп құлағымды тоспайын ба! Сөйтсем, Белшағылдың өзенге құлар құмдауыттау тұсындағы жалғыз теректің түбінде бір қыз ән айтып отыр. Атымнан ырғып түсіп, сағалдырығынан қыса ұстап, жетектей жайлап таяу бардым да, әй жоқ, шай жоқ:

…Әй, әніңе ән қосайын-ай, аспандатып,
Сезімді бұра тартып-ай, астарлатып.
Кездестім, оңашада-ай, бір сұлумен,
Болар ма, бұдан артық асқан бақыт, –
демесім бар ма, бас-аяғына қарамай. Сонда әлгі жас қыз:
Дауысың тым дарылдақ, дөрекі екен,
Шалқымай, қоламтадай сөнеді екен!
Жалғыз атты жолаушы жоқ іздеген,
Қай сұлуға, апырай, керек екен, –
деп жауап қайырған мына шешең Сымбат сұлу ғой!
– Рас, рас, артық-кемі жоқ, дәлме-дәл айтып отыр. Иә, дәл сол жылы бұл он тоғыз жаста, мен он алты жаста екенбіз-ау, шіркін, жастық шақ-ай, – деді Сымбат күйеуіне жалтақ-жалтақ қарап, – Жалғыз атты жолаушыны, сөйтіп, Жаратушы Ием маған ғұмырлық жар етті. Біз бір-бірімізді аса құрметтеп, бетімізге де, етімізге де көлеңке түсірмей келе жатырмыз, Құдайым сені берді де, содан соң құрсағымды бұлтитпады… – Осы сөзден кейін Сымбат көңілсіздеу күйге түсті.
–Анашым, анашым, өзіңді-өзің аласартпа, тірі адам тірлігін жасайды. Айтпақшы, екеуіңнен жұққан ғой, кей-кейде, менің де тіліме өлең жолдары сияқты бірдеңелер оралады. Мысалы:
…Айдай аппақ болсам деп,
Күн көзіндей жансам деп!
Құдыретімен Алланың,–
ұшып Айға қонсам деп,–
дей бергенде, сырттан ат тұяғының дыбысы естілді де, Өренқұл сыртқа шығуға көтеріліп үлгермей, сықырлауықтың екі жағы ашылып, –Ассалаумағалейкүм, ас тәтті болсын! – деп үйелмендей денесімен Тортай табалдырықтан аттады.
– Уағалейкүммүссалам, – деп үй иесі орнынан ұшып тұра келіп еді, Тортай:
– Қайын ата, қайын апа деуге құдайдан ұят, сізден жасым озыңқы, едәуір озыңқы, негізінен алғанда өте-мөте ұяттау, өздеріңе қолқа салғаным, – деп төселген алашаның шетіне отыра кетті.
– Төрлетіңіз, төрлетіңіз, күйеу бала! – деді Сымбат шерлі ызасы ішіне сыймай сыздап. – Ұят, обалды ойласаң, немереңдей қызға көз сүзер ме едің? Малға семірген шал құтырған заман болды ғой, қайтейік! «Құдай салды, біз көндіктен» басқа не шара бар біздей әлсізде!
– Тек, үйге келген қонаққа… – дей берген үй иесінің сөзін бөлген Тортай:
– Өкпең өте орынды, қарындасым, өте орынды. Жасым алпыстың біреуіне ауды, мүшел жастың ішіндемін. Жанталасып, ел кездім. Шаңырағыма тірек болар ұл туып беретін шүйкебас іздеп. Екі қатыннан сегіз қыз, олар шаңыраққа бақан бола алмайтынын өзің білесің, бәрі де жат жұрттық. Сол өзгенің шаңырағына төртеуі кетіп үлгерді. «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай, құл болмас», деген мәтелді өзің де білесің, «Қылша мойыным – талша», деп өздеріңнен кешірім сұрайын деп, екінші жағынан қалыңдыққа бергенмін деп шіренбей, өздеріңе аталған тұяқтарды айдатып әкеле жатырмын, Иә әкеле жатыр, соны айтайын деп келдім, – деді де қоңырқайлау, тым жұпынылау үй-ішіне жанарын айналдыра, кірпігін қақпастан қарады.
Үй-ішін үнсіздік басты. Тіпті жаңа ғана ыңылдап дыбыс беріп тұрған қара шәйнек те тым-тырс. Кейінірек шегінген қызы бір-екі ауыз болса да бірдеңе дегісі келетінін сезген Сымбат ыммен үндеме дегендей сыңай танытты.
– Бұл не отырыс, жоғарлатыңыз! Отағасы, қонақтың қолын шайдыр, Талшынжан, тағы бір шоқаяқпен шоқ әкелсейші, шәйнек дыбыссыз қалды ғой. Қонаққа шамамызға қарай шай ұсынайық, – деп бәйбіше қозғалақтай бастады.
Тортай қолын шайған соң үстіндегі жібек пен түйенің шудасынан иірген жіппен араластырып тоқыған жеп-жеңіл шекпені мен аяғындағы мәсінің сыртындағы галошын серпе шешіп, денесін сәл-пәл көтеріп, көрпе үстіне малдасын құрып отырды да, «Бисмиллаһ» деп дастархандағы сықпа құрттың біреуін сындырып, жартысын аузына салып, күтірлете шайнап:
– Апырай, майлы сүттен жасалған дәмді екен, – деді де, сарғыштау ірімшікті де жуан саусақтарымен іліп алып, оны да күтірлете шайнады. Сосын риза кейіппен сол жағындағы үй иесіне сүзіле қарап:
– Білесіз, женттің құрамына тағамның сегіз түрі енеді: бірінші тұз, сосын тортасы айырылған сары май, тұздалып, аздап сүрленген қойдың құйрығы, ақталып, келіге түйіліп, әбден ұнтақталған тары, немесе қол диірменге салып ұнтақталған қызыл бидай, майлы сүттен қайнатылып жасалып, ұнтақталған ірімшік, құрт, сонан соң, қойдың мойын етін әбден қақтап, кептіріп, қол диірменмен ұнтақталады. Ең ақырында, қой жуа немесе сарымсақ қосады. Анам марқұм жент жасау мен ет сүрлеудің асқан шебері еді… Мені мұсылманша тәрбиеге, әрі тіл сындыруға мешіт жанындағы екі жылдық оқуға берді. Жеті жаста едім, ал тоғыз жарым жаста оқуды жақсы игердім. Құранды еркін оқыдым. Енді қызықты қараңыз: Әкем діни оқуымды осымен тоқтатты да мені үш жылдық гимназияға орыс тіліндегі оқуға берді. Жалғыз ер баласымын ғой, орыс болып кетер деп ойлады ма, ептеп қарсылық білдірген анамның өтініші өтпеді. Сонымен үш жыл орыс тілінде оқып, орысшаны да толықтай меңгеріп шықтым деуіме әбден болатын еді. Астраханның арғы мен бергісін жағалай сүзіп, тіпті портқа келіп тоқтайтын бір кемеге «Алып кел, барып келге» орналасуға уәделесіп қойғанымда, әкем мені ауылға ала жөнелді, жарықтық! Баламын, қарсы сөз айта алмаймын. Тіпті ненің не екенімен де шаруам жоқ. Әкем: оқы деді, оқыдым, жақсы оқы деді, жақсы оқыдым. Енді не керек! Қайдағы-жайдағыны айтып, бастарыңды ауырттым-ау, а?
– Жо-жоқ, айтып отырғаныңыз тәлімді сөз, тәрбиелі әңгіме ғой, жалғастыра беріңіз, – деді Сымбат қонағына көзінің астымен сүзе қарап.
– Мұны әңгімеге арқау еткен себебім, мен әкемнің арқасында, әрі нұсқауымен сауатымды жақсылап аштым. Сол тіл білгенімнің арқасында Мәскеу, Петербор, Балтық жағалауы, Қазан, Уфа, тіпті Сібірге де әкемнің тапсырмасымен сапар шектім. Түркі еліне, өзіміздің өзбек, тәжік, қырғыз, тіпті екі мәрте Қытайға да барып қайттым. Мұны мақтан етіп, өзімді көркейтіп, көтермелейін деп отырғаным жоқ. Сендер білсін, мен бұтына тері шарабар киіп, үстінің иісі бозданған еттің иісіндей, малмен бірге оттап, бірге су ішіп жүрген мәңгүрбас шал емеспін. Оқыған, тоқыған, сол оқып, тоқығанын өмірінде пайдаға асырған, бір жылдай орыстар арасында, бір жылдай түрік елінде, Самарқан, Бұқарада да бір жылдай оқып, діни білімімді жетілдірдім. Мәкке, Мәдинаға баруыма анам көнбеді, бұл жолы әкемнің анама өтініші өтпеді. Мен төрт қыздың ортасында өскен, кенже баласымын ғой, әке-шешемнің! Менің жападан-жалғыз екенім, артымда еркек кіндіктің жоқ екені есіме енді түсіп, жүрегіме шемен боп қатты. Екі қатын бір ұл туар, құдай маған оны ерекше етіп берер, пендесін ренжітпес деп жүре беріппін ғой. Тілімді тістеп айтайын, сегіз қызды мен Жаратушы Жаббар Иемнен тіледім бе а, айтыңдаршы! Міне, менің ақымақтығым! Жастау кезімде атойды салып қалуым керек еді, ал мен: Әкем айттырып әперді, анам жақсы көруші еді, екінші тоқалды да анам: көрегенді жердің қызы деп еді, деп алды-артыма қарап, міңгірлеп тұрмын, айналайындар! Міне, менің бүгінгі хал-ахуалым!
Тортайдың мынадай ұзақ сөзіне ешкім тоң-теріс мінез көрсетпеді. Ешкім уһілеп-аһылаған жоқ, тым-тырыс. Тортай іргелі денесін қозғаңқырап, шыны-аяқтағы суып қалған шайын бір жұтты да:
– Сәке, ыссы етіп құйыңызшы, – деп өтініш етті.
– Талшынжан, шәйнекке қайнап жатқан судан құй, шоқаяқтағыны аударып, жанып біткен тезектің шоғын толтыра салсайшы, бол тез! Самаурын болмаған соң осы енемнен қалған біреуі бар еді, тозды, оттығы шоқ ұстамайды. Кешіргейсің, бұл сізге айтылатын сөз емес еді, кей-кейде, ауыздан шығып кетеді. Өнерқұл, қоңыр қозыны бауыздап, іреп таста, қазанға салайық!
Тортай аударылып-төңкерілгендей ыңырана дыбыс шығарып, қаймақ қатқан күрең шайды үрлеп ішпей, ыстық болса да, ұрттап ішті. Терін жаңқалтасынан суырып алған, шаршы орамалмен желпи сүртті де:
– Шайдың бабын біледі екенсіз, шай ішуді маған анам үйретті. «Салқын су ішпе, шай іш, ыстығыңды шығарады» дейтін марқұм. Жаны менің үстімде еді, фақи дүниеге аттанар алдында маған:
– «Сені қимай, жаным қиналып жатыр. Не істесең де ақылмен істе. Кеудеме басыңды қойшы, жалғызым», – деді. Мен оны құшақтай кеудесіне басымды қоя бергенімде, жанында отырған Мырзағали ахун кенет, иман дұғасын сарнатып қоя берді, сөйтсем, жаны ұшқан екен. Мен еркек басыммен бақырып жылап, үйді басыма көтергенім есімде. …Қырқын бергенде, әкем көз жұмды. Екеуіне бір бейіт көтерттім. Тайсойғанның екі қабат ішінде, Құлан жортқан мен Бұлан түнегеннің құбыла бетіндегі қырқа. Сол арада біздің қыстағымыздан бір ұмтылыс қашықтық қой. Сәке, сіз деймін бе, менің шамалауыма аржайы жақсы адамсыз. Әйел затын негізінен үшке бөледі, – дей бергенде сырттан:
– Таукең осы үйде ме? – деген дауыс естілді. – Маған ыңғайсыз болар, Өренқұл, сен құлаққағыс қылшы, малды қай қораға топтастырамыз екен. Табын сиырды бір бөлек, үйір жылқыны бір бөлек, отар қойды бір бөлек пе, екен!
– Әй, осылардың бас жоқ, көз жоқ, тапырақтайтындары-ай – деп күбірледі Тортай түсін суытып. – Жерден жеті қоян тапқандай, саңқылдауын көрдің бе, ессіздің! Бәрінен бұрын сіз бен Талшыннан ұяттау болды-ау, кешірерсіз, міне, малмен бірге мал болған деп осындайларды айтады. Қап, терлеп, тұлабойым мына шайды еркін қабылдай бастап еді, – деп Тортай орнынан шапшаң көтерілді.

* * *

Әбден жайланып, «Күйеу бала» қызыл іңірде аттануға рұқсат сұрады. Малды іріктей түстеп, екі жалшы қалдырды. Олардың арбаға тиеп келген күркелерін әрірек, су жағасынан кейінірек тіктіріп қоныстандырды. Осының бәріне Өренқұлды ертіп жүріп, бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Аттанарда:
– Баса-көктеп, басынуын қарашы өзінің деп маған өкпе артуларың да мүмкін, бірақ, реті осылай ғой. Ертеректе Кермеқас қызыл үйі ашылғанда мені жұмысқа шақырды. Қазақша оқу мүлдем жоқ, саясат солай, тек орыс тілінде. Мен жағырапия мен тарихтан сабақ бердім. Алғашқыда қиындау болды, оқушыларға, бірақ талабы таудай жасөспірімдер жиналған. Бәрі де іріктеліп алынған. Бір-бірімен ана тілінде сөйлесуге рұқсат жоқ. Сонда Жұпар есімді он бір жастағы қыз директор Антон Павловичке сұрақ қойып:
– «Тіпті, ана тілімізде ән айтуға да болмай ма?» деген ғой. Директор күліп, «Ол қандай ән, ал, шырқап жібер, рұқсат» дегенде, Жұпар:
… Ай, Аха-ау, айдай!
Кермеқас оқу-білім жиыны екен,
Тәртібі ақша бұлттай биік екен!
Өз тілің сайрап жүрген шетте қалып,
Өзге тілде сайра деу қиын екен-ай!
Шырқап-шырқап, көрейін, Ана тілім,
дәл қазір қажет тілдің, бірі ме екен-ай,
Ахау, айдай-ай, ау!

Тілмәш қолма-қол аударғанда, Антон Павлович мәз болып, Жұпарға күніне өз тілінде бір ән салуға рұқсат етті.
Сол Жұпар Садуақасқызы Кермеқастан кейін Петерборға оқуға түсті. Біздің жас кезімізде Ресейде француз тілі басымырақ болды. Сол қыз Петербордағы оқуын тамамдап, Францияға кетіпті деп естідім. Мен мүмкіндігім бола тұра елде қалдым, өзімде бос белбеу болдым ба, әкем не айтса, соны мақұл деп басымды шұлғи беріппін ғой. Жұлқынып шаршы алаңға шыға алмадым, – деп Тортай ауыр күрсінді.

* * *

Талшын Сарқызды басып өтіп, Наурыз шағылының ішіндегі балақты қалың шидің арасына кіргенде, күн ұясына батып еді. Шағын алаңқайға тізгін тежеп, сәбиін бауырына басқан күйі ерден түсті. Күреңнің ер тоқымын сыпырып, шылбырын ши түбіне орады. Тоқымды жайып, сәбиін емізді. Аналық мейіріммен құшырлана иіскеп: «Өзі бір жыламайтын момақаным!» деді сыбырлап… Есіне келін боп түскен алғашқы түні оралып, денесі жиырылып, қызуы көтерілгендей күйге түсті.
Бөлек отау тігілген екен, ішіне масахана құрылыпты. «Отыз күн ойын, қырық күн той» болған жоқ, он екі қанат ақбоз үйдегі дастарханнан кейін, мұны жетектеп осында әкелген. Ешкім бетін ашқан жоқ, ешкім беташар шырқаған жоқ. Шұбатылған той көйлек те кимеді. Анасы аппақ матадан мол ғып тігіп берген қынама бел көйлегі, басында өзінің сәукелесі, аяғы–жалаңаяқ, отырғанда көйлегінің ішіне жасырып, сұқ көзге көрсеткен жоқ. Бәйбіше бұған мысқылмен қарады, ал тоқал жанашырлық көрсетіп, ыммен «тамақ же, шай іш» деп саусақтарымен белгі беріп, тыным таппады. Әкесі мен анасы көзіне ілінбеді. Келгенде қос ат тіккен күймеге мінген. Божышы –Тортай. Үйден шыққанда жылап-сықтау болған жоқ, бір белес асып, қаз-қатар тігілген ақбоз үйлерге таяу келгенде бәйбіше, тоқал қарсылап, күймеден түсіріп алып, екеуі екі қолынан ұстап, ортадағы үлкен үйге кіргізді. Кебісі күймеде қалды. Денесі жуантықтау, басына сәлде ораған, қос құлағында айшықты сырға, оң қолының сұқ саусағында ортасы көмпиген күміс жүзік, екі білегінің екі сағағында жалпақ күмістен соққан қос білезік, омырауындағы жұлдызды алқа, мойнына тізген жібек жіппен, не болмаса, арнайы шынжыр баумен ілінген бе, онысы анық байқалмайды, егде тартқан әйел көйлегінің сол жақ қайырма жеңіндегі сыбызғыны әспеттей суырып, әуелі үрлеп алып, сонан соң сылқылдата бір әуенді ойнай жөнелді. Сәл-пәл шыңыртырлау үнін сыбызғымен қабаттастыра астарлап, бір жоғары, бір төмен әуездетті дерсің! Содан кейін көзін тарс жұмып:

Ей, ой-ой-ой!
Тербететін бесікті осы келін,
Ұл тумаса, келіннің несі келін!
Түн ортасы ауғанда садақа айтып,
Ей, Тортай, Талшын қыздың төсіне мін!
Беу, ай, беу, беу!
Жолама, сосын оның қасына енді,
Бәйбіше, тоқалыңа асық енді!
Санай бер, тоғыз ай мен тоғыз күнді,
Сонан күт, Алла берген нәсібеңді.
Тумаса, бөрі жонды қошқардай ұл,
Қара жерді қаз-дағы жасыр мені!
Ей, ой, ой-ой, жасыр мені-ай! –
деп зарлана толғады да, сылқ етіп құлап қалды. Сәлден кейін, аяқ-қолын жинаңқырап барып, кеудесін көтерді де:
– Әй, Тортай, сенің бағың мен бақытың осы келіннің бойында, көзіңнен таса қылма, опынып жүрерсің, өзіңнен басқа ешкімге сенбе, – деді де, орнынан тез көтеріліп шыға жөнелді. Содан мұның ұйқысы келмей, алабұртып жатыр еді. Масахананың сыртына Тортай келіп:
– Манағы бақсы-тәуіп не айтты, түсінген шығарсың. Беліңдегі қанжарды маған бер, бүгін түн бірге боламыз, сосын сен босанғанша жаныңа жоламаймын. Құдай оңдап, жарық дүниеге ер бала әкелсең, екеуміз некемізді қидырамыз. Сонда барып, сен Талшын Өренқұлқызы мына менің жаһандағы жалғыз әйелім боласың, – деді.
… Сол түні бұл талып қалып, тұлабойы езіле ауырып, екі күн орнынан тұра алмай жатты. Бақсы әйел келіп шамасынша жәрдем жасады. Не болып, не қойғаны әлі күнге шейін есіне түспейді, Әйтеуір, қатты қиналды. Содан Тортай бұл босанғанша жанына жоламай уәдесінде тұрды. Бұл қошқардай ұл туғанда үш күн, үш түн той жасап, неке қидырды. Бірақ, бәйбіше баланы бауырына басып, тек емізуге әкеледі, түрлі әдіске салып, мұны шеттете бастады. Бұл сәбиін алып қашудың әдіс-амалын ойластыра бастап еді, сәті бүгін түсті. Бүгін Көкжал есімді сәбиге алты ай толды…

* * *

Күн көзі тұсау бойы көтерілер-көтерілместен-ақ, ыстық бой салып, желсіз ауа қапырықтана бастады. Із жасырып, біресе ойға, біресе қырға, әйтеуір, білгенін істеуге ұмтылыс жасады. Күрең ат тынымсыз жүрістен болдырды ма, аяқ алысы шабан. Талшын Айғыр шағылдың шығыс бетінде аттан түсіп, аз-кем аялдады. Дорбасындағы дәмнен ауыз тиіп, қозы қарындағы қалған сумен аузын шайып, бетін шылап, атына қайтадан қонды. Бірде, бүлкіл, бірде аяң, кейде жортақпен кіші бесін ауғанда, «Перінің ұйығына» маңдай тіреп, мал тұмсығы өтпейтін қалың жынысты қақ жарып, шағын алаңқайдағы жертөледен бір-ақ шықты. Он-он бес адымдай жердегі құдыққа барып, қанжығасына байлаған қауға шелекпен су тартты. Салқын су көкірегіне дем беріп, тұлабойы жеңілденген сияқты болды. Атты қанғанынша суарды. Қозықарынды шайып төгіп, толтырып, аузын буып тастады. Бірақ, көңілі екі ұдай: қуаныш пен қорқыныш бойын қатар билеп, денесін дір-дір еткізіп, байыз тапқызбаған. Салқынды ішкенде аңғармаған екен, аузының ішін тілімен орап талманғанда, судың кермек дәмі мен сәл-пәл иісі де бар сияқты. Дереу, тереңдігі кісі бойындай құдыққа үңіле қарап еді, мөп-мөлдір суының бетінде қалқып жүрген ешнәрсе байқалмады. Баласын бауырына басып: «Ей, Көкжал, сен көкжал бөрісің ғой, шыдамды болуың керек, солай, Көкжалым», деп сыбырлай езу тартты. «Сенің есіміңді қырық күннен соң барып, Көкжал атағанын сезесің бе, ей! Әй, сен пәле оны да сезетін шығарсың! Өйткені, іңгәлап жыламай, сұп-сұр боп жата бересің ғой, тоя емген сүтің де жоқ, әйтеуір, алданыш, енді не істейміз, а? Айтшы, мына жертөлеге кіреміз бе, әлде кірмейміз бе, кірмесек қайда барамыз? Сәбидің «ым, ым» дегендей, үн шығарып, сосын есінегенін жақсылыққа жорыған Талшын жүрелей отыра қалып, бұрынырақта әкесінен жаттаған «Қауіп-қатерден сақтау» дұғасын естілер-естілмес қылып оқыды: «Раббана әммана бимә әнзалта уәтталбанар расула фактубна мааш шаһидийн…» күбірлеп, естілер-естілмес қылып оқыды да, тік тұрып, сәбиін көкірегіне қысып, «Бисмиллаһир рахманиррахим», деп аттап басып, жертөлеге басын сұға беріп: «әл-Хамду лиллаһил уа лә иллаһа илла Алла» деп күбірлей ішке енді. Денесі бір ысып, бір суып, қорқыныштың райын білдіре қойған жоқ. Жертөле іші қаракөлеңкелеу екен, төбесіндегі терезе сияқты саңлаудың ені де, ұзыны да мықтаса екі-үш қарыстай болар. Жарығы көмескі, сірә, қозының қарнын тұтқан болуы керек. Атпа пешке орайластырып қазандық орнатыпты. Шағындау шойын қазан, бірақ қақпақсыз. Жертөледен қолқаны атар күлімсі иіс шықпайды. Шашылып жатқан қоқыс жоқтың қасы. Байқағаны, жуық арада қазанға су құйылып, от жағылмағаны, тіпті тезектің қиқымы да жоқ. Осы жертөле туралы Өмір ақынның:
… Бар екен пері қыздың жертөлесі,
Жын-ойнақ салады екен ерте-кеші.
Оларға тамақ жасап жүреді екен,
Адамның ауытқыған кеңкелесі.

Пері қыз аса сұлу болады екен,
Жарқырап, шам-шырақтай жанады екен!
Үйленсе сәті түсіп бір мұсылман,
Сый-құрметті Алладан алады екен!
Қол ұстасып, Жаннат жер Тайсойғаннан,
Табады екен әп-әсем жаңа мекен, –
деп басталатын толғау-қиссасы Талшынның тіліне орала кетті. Бірақ, сыртқа дауыстап шығармады. Бей-жай қалпында қалды. Сәбиді қыр арқасына таңып, қазанға су құйып, сырттан жинастырып, сынған бұтақ, шөп-салам, бірді-екілі тезек әкеліп, қазанның астын толтырғанда ғана оттық жоғы есіне түсіп, көңіл-күйі бұзылды. Жерге отыра кетті де: «–Уһ, Аллам-ай, енді қайттім, Жаббар ием-ай, көмектесе көрсейші, ла, илаһа илла, аллаһ Мұхаммаддү, р расу-лу, аллаһ», – деп жалбарынып еді, сәлден кейін қазан астындағы шөп-салам, тезек бұтақтар өзінен-өзі лап етіп, лаулап жана бастады. Шошына кейін шегінген Талшын, оттың қызуымен тез есін жинап алды. Қазандағы су ысымай тұрып, ішін шөппен ысқылап, сосын барып, көзелекпен суды айнала шашып, жаңадан бір шелек су құйды да, оттықты еселеді, қайнаған ыстық су ішті. Тәбеті ашылып, тамақ тілегендей болған соң, дорбасын орамал үстіне сілкілеп еді, шүберекке оралған жалғыз кесек ет пен ағаш қасық түсті. Сәл-пәл дірілдеген оң қолының саусағымен етті алақанына қойып, тарамдап аузына салды. Тағы да ыссы су ішті. Бірақ, жеп-ішкені сәбиге сүт болатындай нәпақа болып жарымады. Ауа жетпегендей тынысы тарылды. Ептеп басып сыртқа шықты. Таза ауаны өкпесін толтыра тыныстап, әрлі-берлі жүріп, өзіне-өзі келе бастады. «Әлін білмеген әлек», деген, әй, Талшын-ай! Шақшадай басыңды шарадай етіп, мені міне жорытқанша, ойлануың керек еді» дегендей, күрең ат басын көтеріп, бұған қарап, дүр сілкінді де назарын басқа жаққа аударды.
Талшын сәбиін алдына алып емірене екі емшегін кезек-кезек аузына салып еді, бір-екі сорды да шығарып тастады, демек, жұтатын дәнеме де жоқ. Талшын қатты састы, басы ауырып, көз алды қарауытып, бір елес пайда болғандай. Бірақ, есі дұрыс. Күрең атқа ер салып, жарықта бір тірі жан тауып алса, тіпті тірілердің ірілері кездесіп, үйіне апарар. Күрең ат бірдемені сезді ме, пысқырып, айнала беріп тезек тастады да, қайтадан сабасына түсті. Мұнысы: «Үрейленбе, мен жай – әншейін, сен ойлансын дегенім ғой» – дегені сияқты. Екі аяғын соза көсіліп, сәбиін жатқызып, дауысын онша көтермей аңылдады. Сосын: «Осы Көкжал неге жыламайды, аш, жылы су жұттыруға қорқады. Шашалып қалса немесе іші өтіп кетсе… Сонда болар көрімнің көкесі. Мына екі желінқаптың бостан-босқа салақтауын қарашы,» деп кеудесіндегі қос анарын басып-басып қойды.
Мезгіл талтүс болса, бір сәрі, екіндіден ауып барады. Бір әрекет жасағысы келеді, бірақ оған ойы да, күші де жоқ. Сәбиін қыр арқасына таңып, жертөлеге кірді де кідірмей қайта шығып, есік алдындағы ертоқымды көтеруге әлі келмей, сүйрелеп ішке әзер дегенде кіргізді. Қазандықтан сәл аулақтау жерге терлікті, одан шағын көрпені төсеп Көкжалды жатқызды. Оң жақ үзенгіні таралғысымен ағытып алды да, сәбидің бас жағына таяу қойды. Үзеңгі зіп-зілдей, «Күміс қой», темір болса жеңіл болар еді», – деп ойлады. Баланың жанына қырынан жатып ыңылдады:
…Сәбиім-ау, сәбиім,
Қайда сенің нән үйің!
Өлең саған арнайын,
Әлдиім-ау, әлдиім!
Тра, тра, та, та,
Ояншы, таң ата!
Тағы, тағы, ұйықта да,
Ояншы, күн бата!
Осы менің есім дұрыс па? Айтқаным есі дұрыс адамның сөзі емес қой, Астағфир Алла! Мен осы сандырақтап жатқан жоқпын ба? Әй, есі кем Талшын-ау, есің кем болмаса, не деп мылжыңдап жатырсың, а? Айтшы, кәні! Оданда сәбиіңе тілқажау ойлап тапсайшы! Өй, адамсымақ, кеудеңді ұрып атқа міндің, қайда сол кеудең, – деп дауыстай сөйледі де, екі алақанын уқалап, айналасына жіті қарады. Жанарына күн сәулесі шағылысып, жертөле іші жап-жарық болып кеткендей. Қазаннан будақ-будақ бу көтеріліп, мұрнына жас еттің иісі келгендей. «Ым, ым, құндақтаулы сәбиімнен бұрын аз-мұз салмаққа шыдамай, мына менің есім ауысып кетпесін! Сөйтіп, Құдайдың алдында да, адам мен сырттағы күрең аттың, тіпті егер бола қалса, жын-шайтан, перінің алдында да, Талшын Өренқұл қызының масқарасы шығып, жүзі қап-қара боп кетсе ше?! Ол да болмай қоймас а?! Әй, әй, мен сұлумын, мен пәкпін, мен піспеген жұмыртқаның уызымын, судан таза, сүттен де ақпын деп бөскенде алдыңа жан салмайсың, ал өзің тілеп алған сәл қиындыққа тоң-торыс мінез көрсете алмай, ең болмаса, шынжырлаулы қабаған төбетке ұқсап арсылдай алмай, тұзаққа түскен бөденедей бүрісіп қалсаң ше, ә», – деп сабырсыздана сыбырлады.
Кеудесін тіктеп, малдасын құра, тағы бір үзеңгіні ерден суырып, оң жақ тізесінің үстіне қойып, әлдекімге айбат шеккендей тас-түйін күйде қанша отырғаны белгісіз, мызғып кеткенін білмей қалды.

* * *

Күрең аттың үйірге түскен айғырдай кісінегені Талшынды ұйқысынан жұлқып оятты. Сәбиін кеудесіне қыса сыртқа ұмтылды. Тастай қараңғыда қарманып, шығар есікті әзер тапты. Арқандаулы күрең ат көкорайды жұла-жұла тісі ауырған ба, әлде шөл қысты ма, мелшиіп тұр. Қасына барған иесіне дұрыстап қараған да жоқ. Отыра қалып, сәбиінің бетін ашып, құндағын жазды да, жүрек тұсына құлағына тосып еді, қуанғаннан ұйқысы шырадай ашылып, тұлабойын ыстық леб шарпығандай болды. Көкжал ұйықтап жатыр, «Мұныкі күндіз-түні неткен ұйқы, а?» деп те ойлаған жоқ, әйтеуір, тыныстап жатқанына шүкіршілік етті. Сосын жанына жақын тұрған шелектегі судан екі-үш рет жұтты. «Апырай, Шанақ та бір аты еркек екен, үш-төрт күннен бері атқа тақым салса қайтер еді, қыз оған айтты, айтпауы мүмкін емес», – деп ерінін жыбырлатты. Бірақ өз сөзін өзі естімей, оң жағына жантая кеткен.

* * *

Күрең ат арқанды жұлқа тартып, дүзгенді түбімен жұлып алғанмен ешқайда ұзамады. Шелектегі суды сарқа ішті де, көгалға арлы-берлі аунап, ұшып тұрып сілкінді. Шыжыған күн көзінде жатқан ана мен балаға мүсіркей қарады. Кенет денесі дір етіп, алдыңғы екі аяғымен кезек-кезек жер тарпи осқырынды. Екі көкжал қасқыр аяқтарын санап басып, мұны елең қылмастан ана мен баланың жанына жақындай берді. Арланы ентелеп барып, көлденеңінен сұлап жата кетті. Керауыз қаншық сәл кейіндеу шоқиып отырды. Он-он бес қадамдай жерде осқырып, көзі шарасынан шыға шаптығып тұрған күреңге көз қиығын да тастар емес. Тайыншадай көкжал Талшынның бетін жалап, оң жақ табанымен ашық кеудесін жайлап сипағандай болды. Сосын екі аяғымен жартылай ессіз жатқан денені әрлі-берлі тербетіп еді, сәбиінен сәл бөлектенген Талшын ыңырси керіліп, көзін ашып:
– Ә, келдіңдер ме, – деп жымия дыбыстады да, сәл кідіріп: – Ойбай, мынау екі қасқыр ғой. Қасқыр, жаңа түсімде көріп ем, енді өңімде көріп тұрмын, бұл не сұмдық, – деген дауысы тым ащы шықты. Бірақ екі бөрі селт етер емес. Күрең ат та бей-жай, жусап тұр. Талшын әуелі екі алақанымен бетін басып, сосын қайта ұмсынып, сәбиін бауырына қысты. Екі-үш ұмтылып, орнынан тұра алмады. Қаншық бөрі бауырымен жылжып, Талшынның аяқ жағына қол созымдай таяды. Үрпі толып тырсиған емшектеріне көзі түскен келіншектің танауына сүт иісі келді. Дыбысы шықпай, құп-қу боп өмір мен өлімнің екі ортасында жатқан сәбиіне әуелі өз емшегін аузына тықпалап еді, бір-екі рет жағын қимылдатқандай болды. Осыдан кейін ана өз нәпсісін тоқтата алмай, жер бауырлай бөрінің емшегіне ернін тигізді де, екі-үш рет сорып, дәмін алды, кәдулігі емшек сүті, жұтып жіберді де, емшекті сәбиінің аузына салып еді, тосырқаған жоқ, мол сүтті қылқылдата жұтты. Сүт пісірімге жетер-жетпес те Көкжал есімді сәби емшекті аузынан шығарып: «ым, ым», дегенге ұқсас дыбыс білдіріп, көзін ашып, күлімсірегендей болды…
Сәбиін қолтығына қыса қалғып-мүлгіген Талшын селк етіп, жанарын ашса, екі бөрі зым-зия жоқ, күрең ат сол орнынан қозғалмаған сияқты. Басы мең-зең келіншек «Енді не істеймін?» деп ойлана бергенде, бір дауыс естілгендей болды. Басын көтеріп тың-тыңдап еді, дауыс адамдікі, адам болғанда, өзінің күйеуі – Тортайдікі.
– Уа, Талшын, Көкжалымды алып шықшы, сағындым, иіскейін! Уа, Көкжалым, тез шықсайшы! Құлың болайын, шықшы, тез!
Талшынның жүрегі шымырлады, сәбиін құшақтай сыртқа ұмтылды. Қарсы алдында таудай болып Тортай тұр. Бұл өз еркімен бірінші рет, таудай кісінің айқара ашылған құшағына еніп еді, сәбиі мен екеуін тік көтеріп алып:
– Айналайындарым-ай менің, Алла бергендерім-ай! – деп шырқ айналдырды. Анадай жерде мәз боп күліп, аталас туысы Шанақ тұр…

Комментарий (1)

  1. Reply
    Жəкеговорит

    Мистика ғой. Біз осындай əдеби үдерістен аулақ кете алмай жүрміз. Мұндайға түсінетін кісі қалмады ғой.

Пікір қалдыру