САЙЫН АҒА

1972 жыл. Көктем. Журналистика факультетінің бірінші курс студентімін. Әңгімелер жазып жүрмін. Бірақ жазғандарымды ешкімге оқуға берген емеспін. Ой келді. Жазғандарымды Жазушылар Одағындағы мықтылардың біріне көрсетсем деген. Ақыры Жазушылар Одағының табалдырығын үрке-үрке аттадым. Проза бөлімін сұрадым. Екінші қабатта деді. Екінші қабатқа көтеріліп, сол жақтығы есікті аштым. Бұйра бас бір аға отыр екен төрде. Сәлем беріп пәпкімді алдына қойдым. «Әңгімелерімді әкеліп едім!» дедім. Аға сыпайы сәлем алып пәпкімді алып қалды. Сөйлесуге ұялып тезірек тайып тұрдым. Бірінші қабатқа қайта түстім.
– Проза бөліміндегі ағайдың аты-жөні қалай? – деп сұрадым біреуден.
– Сайын Мұратбеков – деді ол.
«Сайын Мұратбеков!..» деп тоқтай қалдым. «Мәссаған, жақында «Жұлдыздан» «Таңғы шық» деген әңгімесін оқыдым ғой Сайын Мұратбековтың. Оқыдым деген жай сөз. Төбеме жай түскендей болды емес пе?! Екінші қабатқа қарай қайта жүгірдім. Әлгі ашқан есігіме жүгіріп кірдім. Жүгіріп кіріп бұйра бас ағамыздың қолын қос қолдап сілкілей бастадым. Ағамыз таң қалып маған қарап жымияды.
– Сайын аға… Сіздің әңгімелеріңізді оқып едім… «Жұлдыздан!..» – деп, жатырмын апалақтап.
– Жақсы… Жақсы… Келесі жетіде кел! Әңгімелеріңді оқып қоямын!.. – деді ағамыз.
Біздің Сайын ағамен таныстығымыз осылай басталды.
Көп ұзамай Сайын ағамыз сол берген әңгімелерімнің ішінен бір-екеуін таңдап алып «Бәйшешек» атты жинаққа салып жіберді.
Көп ұзамай, Сайын ағаның «Басында Ұшқараның» атты тағы бір шығармасын оқыдым. Оқыдым деген жәй сөз. Жаңа, мүлдем жаңа сөзбен әдіптелген рухани әлемді аштым. Бұл повесть тек Сайын Мұратбековтың ғана емес, біздіңше, жалпы қазақ прозасының шауып шыққан бір биігі болды. Ғасыр басында Бейімбеттен басталған әңгіме жанры ғасыр аяғына беттегенде жаңа бір белеске көтерілді. Бейімбет бармаған романтикалық биікке көтерілді.
Басында Үшқараның қос барабан,
Сол жерден дария шалқар су тараған.
Сұлу қыз, сері жігіт бәрі сонда,
Дариға-ай, неге келдім сол арадан.
Сайын ағаның өзінен аумайтын, әңгіменің бас кейіпкері, араға жылдар салып ауылына барады. Өзінің бір кездегі кластастары осы әнді айтып көздеріне жас алып отырғанын көреді. Осы сценаға келгенде оқырманның ойы онға, санасы санға бөлінеді. Оқырман шебердің қолынан туған сөз сиқырына арбалады. Қағаз бетіндегі проза тіріліп сала береді. Жазушы жазбаған, бірақ меңзеген қиял әлемі көз алдыңызда көлбей бастайды.
Құрметті оқырман! Дүниеде не қиын? Дүниеде ғажайып өнер туынды­сынан алған әсеріңді ақ қағаз бетіне түсірем деп тыраштану қиын. Біз, қазір сондай бір кейіпті бастан кешіп отырмыз. Сөз сиқырынан алған әсерімізді айта алмай отырмыз. Айту мүмкін емес екенін сезіп отырмыз. Сайын әңгі­ме­лерінен алған әсерімізді ақ қағазға түсіре алмай әлектенгенше, сол әңгі­мелерді түпнұсқадан оқиық деп отырмыз.
Айтарымыз – Бейімбеттен кейінгі бұл жанрдағы үлкен белес Мұратбеков болыпты. Бұл жанрда Сайын көтерілген биікпен ХХ ғасыр өз жеңісін белгілепті.
Біздің сол Сайын ағамен таныстығымыз ғұмырлық аға-інілік достыққа ұласқан еді. Ол – ұстаз, біз сол ұстазға шәкірт болдық. Әрине, іні-шәкірт қашанда аға-ұстаздың ақыл-кеңесіне зәру. Сондықтан, әрбір жаңа туынды­мызды шықпастан бұрын ұстаз-ағаның сын-елегінен өткізіп отырдық.
Әдебиет майданындағы аға-інілік өмір – тұрмыс майданында да жалғасты. Біздің емес, оның ағалық беделі жүретін көпірлерде бізге жол ашып отырды. Көрші тұрдық. Мәриям жеңгей біздің үйдегі Жұмажан келініне туған жеңгесіндей болып кетті. Жұмажан тұңғышына босанғанда Мәриям жеңгей жанынан табылды. Жұмажанды нәрестесімен бірге қамқорлығына бөледі. Сонда біз Мәриям жеңгеміздің адам таңқаларлық кісілік қамқорлығын көрдік. Үлкен жүректі жеңгеміздің ғажайып кісілік қасиетін көрдік. Мәриям жеңгейді әлі күнге дейін жыр қылып айтып отырамыз. Мәриям жеңгей бір байқағанымыз Мұратбеков отбасының анасындай болды. Ал, Сайын аға сол отбасының бір ерке баласындай болды. Сондықтан Сайын аға әңгіме болған жерде, айтарымыз, Мәриям жеңгей рухы ұмытылмауы керек дер едік. Әдебиетте аты өшпес талант Сайын Мұратбеков аты аталған жерде Мәриям жеңгей аты да аталуы керек дер едік.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның
Халық жазушысы




ПІКІР ЖАЗУ