Білім беру жүйесін жаңғырту: реформалар мен жаңа мүмкіндіктер

Қазақстанда білім беру жүйесін жаңғырту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда мектепке дейінгі және орта білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформалар білім сапасын арттыруға, оқушылардың жан-жақты дамуына және халықаралық талаптарға сай білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Әлемдегі технологиялық өзгерістер, цифрландыру үдерісі мен еңбек нарығының жаңа талаптары білім беру жүйесіне де тың міндеттер жүктеуде. Сондықтан елімізде білім мазмұнын жетілдіру, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және оқытуға заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.


Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – тұлғаның қалыптасуындағы ең маңызды кезең. Осыған байланысты соңғы жылдары балабақшалардағы тәрбие мен оқыту мазмұны жаңартылып, мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талаптар жетілдірілуде. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ойын арқылы оқыту, шығармашылық қабілеттерін дамыту, тілдік қарым-қатынасын жетілдіру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарды цифрландыру, ата-аналармен кері байланысты күшейту және инклюзивті білім беруді дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылып келеді.
Бастауыш сыныптарда цифрлық сауаттылыққа ерекше көңіл бөлінуде. Ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, қауіпсіз интернет мәдениетін қалыптастыру және цифрлық дағдыларды дамыту білім беру мазмұнының маңызды бөлігіне айналды. Робототехника, бағдарламалау негіздері, STEM-білім беру элементтері біртіндеп кеңінен енгізілуде. Бұл өзгерістер оқушыларды болашақтың мамандықтарына дайындауға және инновациялық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Орта білім беру жүйесінде де бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары оқушылардың оқу жүктемесін оңтайландыру, оқу бағдарламаларын жеңілдету және білім мазмұнын өмірмен байланыстыру бағытында өзгерістер енгізілді. Оқу бағдарламалары функционалдық сауаттылықты дамытуға негізделіп, оқушылардың алған білімдерін күнделікті өмірде қолдану қабілетін қалыптастыруға бағытталуда. Бұл тәсіл оқушылардың тек теориялық білім алып қана қоймай, мәселені шешу, сыни ойлау, талдау жасау және өз пікірін дәлелдей білу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесіндегі маңызды реформалардың бірі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы. Аталған жоба аясында еліміздің көптеген өңірлерінде жаңа үлгідегі заманауи мектептер салынып, пайдалануға берілуде. Бұл мектептер кең әрі жарық кабинеттермен, зертханалармен, кітапханалармен, спорт залдарымен, шығармашылық және демалыс аймақтарымен жабдықталған. Ең бастысы – үш ауысымды мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға жол ашады. Әсіресе халық тығыз орналасқан Астана, Алматы, Шымкент қалалары үшін бұл жобаның маңызы ерекше.
Білім беру саласын цифрландыру да бүгінгі реформалардың негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазіргі таңда электронды күнделік жүйелері, онлайн білім беру платформалары, цифрлық оқулықтар және интерактивті оқу ресурстары кеңінен қолданылып жүр. Олар мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу бастамалары қолға алынып, оқушылардың білім деңгейін жеке ерекшеліктеріне қарай бағалау, оқыту тәсілдерін жетілдіру мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл оқытуды жекелендіруге және әрбір баланың қабілетіне сәйкес білім алуына жағдай жасайды.
Қазіргі реформалардың тағы бір маңызды бағыты – инклюзивті білім беруді дамыту. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін мектептерде арнайы кабинеттер ашылып, педагог-ассистенттердің қызметі кеңейтілуде. Білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы жетілдіріліп, кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – әрбір баланың тең білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Білім сапасын арттыруда педагогтің рөлі ерекше. Сондықтан мемлекет мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге және кәсіби дамуын қолдауға басымдық беріп келеді. Соңғы жылдары педагогтердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, біліктілікті арттыру курстары жаңартылды. Мұғалімдерді артық есептілік пен негізсіз тексерулерден қорғауға бағытталған шаралар қабылданды. Сонымен бірге ауыл мектептеріне жас мамандарды тарту, педагог тапшылығын азайту және үздік мұғалімдерді ынталандыру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістер білім беру сапасын арттыруға және мұғалім мамандығының беделін нығайтуға ықпал етеді.
Білім жүйесіндегі тағы бір маңызды өзгеріс – тәрбие жұмысының мазмұнын жаңарту. Бүгінгі мектеп тек білім беретін орын ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, азаматтық жауапкершілігі жоғары тұлғаны қалыптастыратын орта болуы тиіс. Осы мақсатта ұлттық тәрбие, экологиялық мәдениет, еңбекқорлық, құқықтық сауаттылық, қаржылық білім және медиасауаттылық бағытындағы тәрбиелік жұмыстар күшейтілуде. Оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастыру, мемлекеттік тілді құрметтеу және ұлттық мәдени мұраны насихаттау да білім беру саясатының маңызды бағыттарының бірі болып есептеледі.
Бұдан бөлек, білім сапасын халықаралық деңгейге көтеру мақсатында халықаралық зерттеулердің нәтижелері ескеріліп, оқыту әдістемелері жетілдірілуде. Мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, білім беру ұйымдарының басқару жүйесін жаңғырту және ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне белсенді қатысуына жағдай жасау жұмыстары да реформалардың маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Қорытындылай келе, мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар – еліміздің болашағына салынған стратегиялық инвестиция екенін баса айтқым келеді. Бұл өзгерістер білім сапасын арттыруға, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге және заманауи технологияларды тиімді қолдануға бағытталған. Әрбір жаңашылдықтың түпкі мақсаты – балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Себебі бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің тірегі, ал оның білімі мен тәрбиесі Қазақстанның тұрақты дамуы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің басты кепілі болып қала береді.

Серік ИГІЛІКҰЛЫ,
«№109 ЖББ мектеп» директоры




ПІКІР ЖАЗУ