ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – КЕМЕЛ БІЛІМНІҢ ТЕТІГІ

Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде әлем бұрынсоңды болмаған қарқынмен өзгеруде. Бүгінгі күні мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлығымен ғана емес, адами капиталының сапасымен, ғылымының дамуымен және азаматтарының білім деңгейімен өлшенеді. Қазіргі әлемде экономикалық тұрақтылықтың, ғылыми-технологиялық прогрестің және ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі – білімді, ойлана алатын әрі үнемі ізденетін қоғам. Сондықтан оқу мәдениетін қалыптастыру мен білімге ұмтылуды арттыру – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының басты шарттарының бірі.
Қазақстан да осы жаһандық үдерістен шет қалып отырған жоқ. Соңғы жылдары елімізде білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформалар жаңа қарқын алды. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да өз көрінісін тапқан. Конституцияда адам капиталының сапасын арттыру, білім мен ғылымды дамыту, инновацияларды қолдау және интеллектуалдық әлеуетті нығайту мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Бұл қағидаттар білім беру жүйесін жаңғыртуға және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға берік құқықтық негіз қалайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары өз Жолдауларында, Ұлттық құрылтай отырыстарында және ресми құжаттарында білім беру сапасын арттыруға, оқу мәдениетін қалыптастыруға және оқырман ұлт тәрбиелеуге ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыттағы реформалар бүгінде нақты нәтижелерімен көрініс табуда.
Президент ІІІ Ұлттық құрылтайда: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өтті. Мемлекет басшысының бұл пікірі оқу мәдениетінің қоғам өміріндегі рөлін кеңінен түсінуге негіз болады. Өйткені бүгінгі таңда кітап оқу – тек көркем әдебиетпен танысу немесе бос уақытты тиімді өткізу ғана емес, адамның интеллектуалдық әлеуетін дамытатын, үздіксіз білім алуға жетелейтін және өзгермелі әлемде дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды құндылыққа айналып отыр. Сондықтан оқу мәдениеті ұғымын қазіргі қоғамның талаптары тұрғысынан кең мағынада қарастыру қажет, яғни оқу мәдениеті тек кітап оқу емес, бұл – адамның жаңа білімге ашық болуы, ақпаратты талдай білуі, өз ойын дәлелдей алуы, үздіксіз ізденуі және өмір бойы өзін жетілдіруге деген ішкі қажеттілігі. Осындай қасиеттер қалыптасқан қоғам ғана жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере алады. Қазіргі жастар ақпарат тапшылығын емес, ақпараттың шамадан тыс көптігін бастан кешіруде. Мұндай жағдайда ең маңызды құзыреттілік – ақпаратты дұрыс таңдау, оның шынайылығын бағалау және оны өмірде тиімді қолдану. Демек, оқу мәдениеті – функционалдық сауаттылықтың, сыни ойлаудың және зияткерлік дамудың өзегі.
Баланың кітапқа деген сүйіспеншілігі ең алдымен отбасында қалыптасады. Үйде кітап оқылатын орта болса, мектепте мұғалім оның қызығушылығын дамытса, қоғамда оқырмандық мәдениет орнығады. Сондықтан соңғы жылдары мектеп кітапханаларын жаңғырту, балалар әдебиетін қолдау, оқу клубтарын дамыту және кітап оқуды насихаттайтын жобаларды жүзеге асыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды.
Жаңа пәндер – жаңа дәуірдің сұранысы
Оқулықтар білімді таратудан басқа, мәдени түсініктердің маңызды тасымалдаушысы болып саналады. Олар әлеуметтік және мәдени құндылықтарды, сондай-ақ саяси идеологияларды қамтитын маңызды мақсаттарға қызмет етеді. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер тек оқулықтарды жаңартумен немесе цифрлық технологияларды енгізумен шектелмейді. Қазіргі еңбек нарығы мен қоғамның сұранысы оқушылардың жаңа құзыреттерді меңгеруін талап етеді. Осыған байланысты білім беру мазмұны қайта қаралып, оқушылардың сыни ойлауын, зерттеушілік қабілетін, коммуникациялық дағдыларын, медиасауаттылығын және қаржылық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңа білім беру компоненттері кезең-кезеңімен енгізілуде. Бүгінде мектепте берілетін білімнің негізгі мақсаты – дайын ақпаратты жаттатудан гөрі, оны талдай алатын, салыстыра білетін, өмірлік жағдаяттарда қолданатын және өз бетінше шешім қабылдайтын тұлға қалыптастыру. Осы мақсатта оқу бағдарламаларында пәнаралық байланыс күшейтіліп, жобалық және зерттеушілік жұмыстардың үлесі артуда. Мұндай тәсіл оқушылардың білімді тек теория ретінде емес, нақты өмірде қолданылатын құрал ретінде қабылдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі білім мазмұнында экологиялық мәдениет, медиасауаттылық, кәсіпкерлік негіздері, құқықтық мәдениет, жаһандық азаматтық және тұрақты даму қағидаттары сияқты заманауи бағыттарға ерекше назар аударылуда. Бұл білім алушылардың өзгермелі әлем жағдайында икемді әрекет етуіне, ақпараттық қауіпсіздікті сақтай білуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасайды.
Осылайша, жаңа пәндер мен жаңартылған оқу – мазмұны уақыт талабынан туындаған өзгеріс қана емес, оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтерудің маңызды тетігі. Олар білім алушылардың өздігінен ізденуіне, ақпаратты ғылыми тұрғыдан бағалауына және өмір бойы білім алуға деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда мектеп оқулықтарының сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды әзірлеу мен іріктеу жүйесін жетілдіріп, оларды ғылыми-педагогикалық сараптамадан өткізудің көпсатылы моделін енгізді. Бүгінде әрбір жаңа оқулық ғылыми сараптамадан, практик мұғалімдердің бағалауынан, пилоттық мектептердегі апробациядан, қоғамдық-педагогикалық талқылаудан және пәндік комиссиялардың қорытындысынан өтеді. Мұндай тәсіл оқу әдебиеттерінің ғылыми дәлдігін, әдістемелік сапасын және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар республика көлемінде жаңа буын оқулықтарын пилоттық мектептерде сынақтан өткізу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Мәселен, 2025 – 2026 оқу жылында еліміздің 31 пилоттық мектебінде, ал 2026 – 2027 оқу жылына арналған оқулықтар 34 пилоттық мектепте апробациядан өткізілуде. Бұл жұмыстарға мұғалімдер, оқушылар және білім беру саласының сарапшылары қатысып, олардың ұсыныстары оқулықтардың соңғы нұсқасын жетілдіруге негіз болады.
Бұдан бөлек, бастауыш білім мазмұнын жаңарту аясында бірінші сыныптағы «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерінің мазмұны жетілдіріліп, оқушылардың оқу сауаттылығын, мәтінді түсіну, талдау және ой қорыту дағдыларын дамытуға басымдық берілді. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін Брайль қарпімен және үлкейтілген қаріппен әзірленген оқулықтар шығарылып, білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігі күшейтілді.
Жаңартылған оқулықтардың тағы бір ерекшелігі – олардың мазмұны қазіргі қоғамдық өзгерістермен және жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтармен үйлестірілуі. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа буын оқулықтарына Конституцияның жаңартылған нормалары, адам капиталы, білім мен ғылымды дамыту, азаматтық жауапкершілік және құқықтық мәдениетке қатысты мазмұн енгізілген. Бұл оқушылардың пәндік біліммен қатар, азаматтық ұстанымы мен құндылықтық бағдарларын қалыптастыруға бағытталған. Демек, жаңартылған оқулықтар – сапалы білімнің ғана емес, кітаппен жұмыс істеу дағдысын, танымдық қызығушылықты және оқу мәдениетін қалыптастырудың да маңызды құралы.
Жасанды интеллект – білім берудің жаңа мүмкіндігі
Жасанды интеллект білім беру саласын дамытудың жаңа кезеңін бастап отыр. Бүгінде ол оқу үдерісін цифрландырудың құралы ғана емес, білім беруді дараландыруға, оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды технологияға айналды. Осыған байланысты Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізудің 2025 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамалық негіздері бекітілді. Құжатта жасанды интеллектті орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу, мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, ұлттық цифрлық білім беру платформаларын дамыту және білім алушылардың дербес оқу траекториясын қалыптастыру міндеттері белгіленген. Бұл құжат Қазақстанды білім беруде жасанды интеллектті енгізудің ұлттық моделін қалыптастырған алғашқы мемлекеттердің қатарына қосты.
2025 – 2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект элементтері енгізіле бастады. Сонымен қатар мектеп оқушыларына арналған Day of AI халықаралық білім беру бағдарламасы бейімделіп, педагогтер үшін жасанды интеллектті оқу үдерісінде тиімді және қауіпсіз қолдануға арналған үш деңгейлі біліктілікті арттыру курстары әзірленді. Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық стандарттары да бекітілді. Жасанды интеллект экожүйесін дамыту мақсатында Президент жанынан Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Кеңес мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың және жоғары оқу орындарының күшін біріктіріп, еліміздің жасанды интеллект саласындағы стратегиялық дамуын үйлестіруге бағытталған. Сондай-ақ Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Орталықта мектеп оқушыларына арналған TUMO Astana шығармашылық технологиялар орталығы, Қазақстандағы алғашқы Tomorrow School AI мектебі, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі инженерлік және зерттеу бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл бастамалар оқушылар мен жастардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға және инновациялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған.
Осылайша, жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу оқытудың тиімділігін арттырумен ғана шектелмейді. Ол оқушылардың ақпаратпен саналы жұмыс істеуіне, өздігінен білім алуына, зерттеушілік қабілетін дамытуына және жаңа үлгідегі оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан қазіргі жағдайда оқу мәдениеті дәстүрлі кітап оқумен қатар, цифрлық ортада сапалы ақпаратты іріктеу, оны сыни тұрғыдан бағалау және жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен пайдалану дағдыларын да қамтиды.
Білім беру реформалары қаншалықты сапалы болғанымен, олардың нәтижесі қоғамдағы оқу мәдениетіне тікелей байланысты. Егер бала кітап оқуға қызықпаса, өздігінен ізденбесе, үздіксіз білім алуға ұмтылмаса, кез келген реформа толық нәтиже бере алмайды. Сондықтан оқу мәдениетін қалыптастыру – мемлекет пен мектептің ғана емес, ата-ананың, қоғамның және бұқаралық ақпарат құралдарының ортақ міндеті. Қазақ халқы «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Бүгінгі таңда бұл нақылдың мәні бұрынғыдан да арта түсті. Жасанды интеллект дәуірінде адамның басты артықшылығы – оның білімінде, шығармашылығында, берілген ақпаратты сұрыптай алуында және өмір бойы үйренуге деген құлшынысында.
Қарлығаш АСҚАРБЕКҚЫЗЫ,
М.Жұмабаев атындағы №137 ЖББМ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі





