ОЙЛЫ СӨЗДІҢ ОРМАНЫНДА ЕСЕЙДІМ…

Мұқағали рухымен сырласу
                 Ақиық ақын М.Мақатаевқа

Ақын бейнең жаралған анық нұрдан,
Дараланып тұрады алып тұлғаң.
Көремін мен жастардың жүрегінен
От-жырыңның алауын жанып тұрған!

Сен жыр жазсаң ән туып өлеңінен,
Өткізер ең ойлардың елегінен.
Ұрпағың бар ал бүгін маржан терген
Сезіміңнің теңіздей тереңінен!

Асқар таусың көрінген алыс қырдан
Жыр-бұлағын ғасырмен жарыстырған!
Сенің сұлу өлеңің қаншама мың
Ғашықтардың жүрегін табыстырған?!

Күмбірлеген керуендей сәні қалған,
Сағындырып шығады әнің алдан.
Біз ұрпақпыз өлеңнің өлкесінде
Сезімі мол жырыңнан тәлім алған!

Бүгінгі жас бағалар сенгеніңді,
Ерек құрмет тұтады еңбегіңді.
Жүрегіммен сеземін тебіреніп
Ұстазымның алдына келгенімді!

…Өнер жолда бағыңның жанғаны анық,
Кесек ойың кеткен жоқ жаңқаланып!
Мұқа, сенің мәңгілік асқақ жырың
Хан Тәңірді тұрады арқаланып!!!

Ордаға кел, бауырым!

Бөкей Ордасы тарихи-мұражай

кешенін көргеннен кейінгі ой

Ұзақ жүріп, келе жатсаң әл кетіп,
Құлағыңа күй күмбірлеп, ән жетіп,
Құшақ жайып қарағайлы орманы,
Хан Ордасы шыға келер жарқ етіп!

Тіршіліктің күйбеңінен арылып,
Құм Нарынға бару керек сағынып!
Мұражайын аралап көр әуелі,
Сан ғасырдың қыр-сырына қанығып.

Сол жылдардың ызғар соққан күзінде,
Шайқастарда тағдыр қанша үзілген?
Қатал заман қаны қатып қалған-ау
Найза ұшы, ал қылыштың жүзінде!

Алла елге сыйлағандай бір бақыт
Бейбіт өмір көздің жасын құрғатып.
Ұлттың шеккен қасіретін баяндап,
Жәдігерлер кетер еді тіл қатып…

Құмға сіңіп, өшіп кетті көп іздер…
Дүлей ғасыр дауылдарын өткізген
Аса құнды бұл мұралар ұрпаққа
Бабалардың аманатын жеткізген!

Тебіренткен төкпе күйдің бір үнін
Тыңдай қалсаң, іздеп көрші түбірін:
Ғасырлардың қойнауынан естисің
Тұлпарлардың тұяғының дүбірін!

…Құдірет бар жігеріңді жанитын,
Қасиет бар өн бойыңа даритын,
Шалғай демей, Ордаға кел, бауырым,
Білу үшін туған елдің тарихын!

ТУ
Ғасыр қанша өз еркің жоқ дегізген,
Сабақ алдық тарихи өткен ізден!
Көк Туымыз бояуын алған екен
Ашық аспан, кең дала, көк теңізден!

Түспесін деп ешкімнің көзіне – мұң,
Тақпасын деп ешкім де сөзіңе – мін
Адамзатқа арайын шашып тұрған
Отан-Күннің жылуын сезінемін!

Аманат боп мәңгілік қалатын да,
Жүректердің алауын жағатын да,
Қазағымның арман мен мұраты бар
Қалықтаған қыранның қанатында!

Дәлелдеген мұраның мың жылдығын
Салт-дәстүрім әлемге үлгі бүгін!
Алтын түсті өрілген ою-өрнек
Көрсетеді ұлтымның құндылығын!

Шуақ шашып тұрғанда шұғыла Күн,
Алыстарға тарайды тұнық әнім.
Азат елді әлемге әйгілеген
Көк байрақтың қадірін ұғынамын!

Бейбіт күнді әрдайым ел тілесін!
Тек шаттықпен жүректер елжіресін!
Абыройын көтеріп асқақ елдің
Желбіресін көк Туым, желбіресін!

Армысың, Ақжайық!

Армысың, ару мекен – Ақжайығым!
Жүректен жыр арнаған талай ұлың.
Өзіңе өзге түгіл, тең көрмеймін
Әлемнің жетпіс жеті ғажайыбын!

Сақтаған ұлт дәстүрін, ел бірлігін,
Естимін төкпе күйден ерлік үнін!
Жағаңда жанға қуат алайын деп
Ақ Жайық, бір өзіңе келдім бүгін!

Өзіңсің жерұйығым, жанатым да,
Таусылар сен дегенде тағатым да.
Сазы бар сағыныштың мөлдіреген
Шарқ ұрған жыр-құсымның қанатында!
Ескертіп Жаратқанның қатал заңын,
Арқама жүк артады атар таңым.
Алысқа арманым боп жетелеген
Басталған бір өзіңнен сапарларым.

Шертілер өзің жайлы мол сырым да,
Мен бүгін тебіреніп, толқыдым да,
Көрсін деп жүрегінде көзі бар жан
Қалдырдым
қолтаңбамды толқыныңда!

Біздің қоғам…
Ақын ағам Ғайса-Ғалиға

Ақиқатты айтсаң-дағы мың досқа,
Аңқау халық алданумен жүр босқа.
Адамға емес,
Бiздiң қоғам құрылған
Барлық жағдай жасалсын деп
жылпосқа.
Мал-мүлкіңді қалдырмастан қораңда,
Тау суындай тоқтамайтын тоғанға
Сауда-саттық тек базарда деп ұқсақ,
Нағаз сауда жүрiп жатыр қоғамда!

Адамдықтың сақтасын деп өр кейпін,
Мiнез берген майысуға көнбейтiн!
Итпен ит боп күресемін дегенше,
Жалындаған жыр жазайық
өлмейтін!!!

* * *
Ілескенде өркениет көшіне
Адамзатты ақыл-ойы билесін.
Әрдайымда халқың
болсын қолдайтын
Ағытқанда жан-сырыңның түймесін.
Жеткізіңіз ғасырларға алдағы
Қара өлеңнің қоңыраулы күймесін!

Алдар көсе туралы

Ерте, ерте заманда
Жер сипатып арамға,
Жаудай тиген сараңға.
Барған екен бәс тігіп
Айлакерлік қадамға.
Небір мықты байларды
Алдап кетер табанда –
Алдар көсе болыпты
Аты шыққан ғаламға!

* * *
Ешкім де кете алмайды
жолдан жырақ,
Ертегі жасай алмас қолдан құрап.
Тап басып туған күнін айтпасақ та,
Алдардың тарихта болғаны хақ.

Талабы ерте бастан байқалыпты,
Ауызы өтірікпен майланыпты.
Арамза бай-манапты алдап соғып,
Есесін кедейлердің қайтарыпты.

Шапқылап жүреді екен
көрмей тыным,
Адам жоқ әр сөзіне сенбейтұғын.
Бойында бір қасиет болған екен
Жүдеген жүректерді емдейтұғын.

Қолына тигеннен соң гүлденген жер,
Семіріп, байлығымен түрленгендер,
Апырай сол заманда аз болмапты
Кісінің ақысын жеп күн көргендер.

Әркім де толғанады заман жайлы,
Алдар да ел жайына алаңдайды.
Халық та қалады екен масаттанып
Тақырға отырғызса сараң байды.

Жанында жоқшылықтың сызы қалған,
Жүргенде қалың түгіл, жүзік арман,
Қу Алдар тапқырлығын пайдаланып,
Шық бермес Шығайбайдың
қызын алған!

Заманның қалып қоймай қалқасында,
Бір теңге болмаса да қалтасында,
Жағымды аты қалды ел ішінде
Тапқырлық өнерінің арқасында!

Байлыққа құныққандар жаза басар,
Отырған өз үйінің астын қазар…
Алдардың әр мысалы үлгі болсын,
Бөлінсе бай-кедей боп – қоғам азар.

Кедейге бөліп берген жарты нанды
Алдардың сол заманда даңқы жанды.
Әдеби мұрамызды толықтырып,
Қуақы кейіпкер боп қалды мәңгі.

Соңғы түйіні:

Халықтың несібесін ішіп-жеген
Бай-манап кедейлерді қанамасын.
Билікке қолы жеткен айлакерлер
Өзгені өзінен қор санамасын.

Елімнің игілігін көрмеу керек
Тек қана ойлайтындар қара басын.

Ауылды қорғайтұғын арландарды
Шуылдап шибөрілер таламасын.

Қас жауың досыңмын деп кіріп алып,
Қанжарын ту сыртыңнан қадамасын!

Ұлтымның адалдығы – қазақ қызы,
Жат жұрттар көзін сүзіп, қаламасын.

Діңгегі дәстүріңнің босап кетіп,
Болмасын жұртқа – күлкі,
балаға – сын!

Біз үшін Қазақ елі құтты мекен,
Базары берекенің тарамасын.

Асылды айлакерден ажыратып,
Кетірмей қадірі мен қасиетін,
Өз елім өз ұлдарын бағаласын!!!

Ойлы сөздің

орманында есейдім

Ана тілім – сусындаған тұнығым.
Өлеңіммен өлшенеді ғұмырым.
Хан тоғайын қорғаймын деп
тынымсыз
Еңбек еткен орманшының ұлымын…

Айлар ауып, жыл өтсе де жылыстап,
Туған елде ортаймасын ырыс-бақ.
…Ойлы сөздің орманында есейдім,
Ақындықтың ауасымен тыныстап.

Өгей қоғам назарына ілмейді,
Өктем қарап,
«Бұл соншама кім?» – дейді.
Менің жазған дүниемді дәл қазір
Өзге түгіл, достарым да білмейді!

Атақ алып, шықпаса да атым көп,
Бұл өмірге өкпелеуге қақым жоқ!
Асыл сөзім қалса болды халқыма,
Жан-дүнием жаратылған ақын боп!




ПІКІР ЖАЗУ