«Абай Пушкинмен жарыса сөйлесе, Лермонтовпен қосыла сөйлейді»

Белгілі әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Алып Абай. Конгениальность. Congeniality» кітабын оқығаннан кейінгі ойлар.

* * *
«Абайды әлемге танытуды жиі айтамыз, мақсат етіп қоямыз. Дұрыс мақсат. Сонымен бірге біздің түпкі мақсатымыз – Абай арқылы қазақты әлемге таныту болуы керек. Ал бұл Абайды танытудан да қиын» (380-бет), – дейді автор. Орынды ой, зор мақсат. Осы ой, осы мақсат іске асу үшін не істемек ләзім?
Ол үшін ұлы Абай жаратылысының жұмбақ тұңғиығына әуелгі кезекте өз зерттеушілеріміз мейлінше тереңдей бойлап, феномен тұлғаның еңбектеріндегі кемел шеберлік үлгілерін танып-білуге, тапқан-танығанымен ортақтасуға ұмтылғаны абзал. Әрине, бұл бағытта істелген, істеліп жатқан көңіл тоғайтарлық жұмыстар баршылық. Дегенмен Абай шеберлігі уақыт озған сайын жаңа бір сипаттарымен, тосын қырларымен ойландырып қоятыны да рас. Алайда ойланып қою аз, ой нақты іске ұласқанда ғана көптің игілігіне айналмақ. Осы тұрғыдан келгенде, көңілдегі ойды көптің игілігіне айналдырудың тиянақты бір үлгісін Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» аталатын зерттеу кітабынан көре аламыз.
Автор бұл еңбегінде данышпан ақынның көркемдік әлемінен аудармаларына ғана үңіле көз салып, аудармашылық өнерде өзіне дейін үлгі болмаса да, Абайдың бұл салада да таңғаларлық биікке қол жеткізуінің себебін оның бірегей жаратылысымен сабақтастыра танып, нақты дәлелдермен бекіте түседі. Бұл пікіріміздің әшейін қолпаш еместігін кітапты оқып шыққан көзіқарақты оқырманның қай-қайсы да түсінері анық.
Ал бұл еңбекті жазудағы автордың көздегені не? Автордың мақсаты анық, ол мақсат: «Қазақ поэзия аудармасының жүріп өткен жолын, бел-белестерін бажайлау, ізденістері мен іркілістерін саралау – ұлттың көркемдік ойының бүгінгі биігін бағамдаудың, алдағы асуларын белгілеудің бір жолы. Бұл жолға талдау жасау арқылы біз тәржіменің халқымыз руханиятының тарихында қандайлық қомақты орын алғанын ғана емес, сонымен бірге келешек замандарда атқарар рөлінің де бөлекше болатынын көрсетеміз. Аударма төл әдебиетіміздің жазба дәстүрлерін орнықтыруға, көркемдігін кемеліне келтіруге көп көмектескен әрі алдағы кезде де көмектеседі. Ондай көмек қазақ әдебиетіне дәл қазір қай кездегіден де керегірек» (36-бет), – деген пікірінен анық танылады.

* * *
Абай аудармалары жайындағы кітаптағы алғашқы сөз Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан басталады. Сөзді Лермонтовтан бастамай, Пушкиннен бастау себебін автор Ысқақ Дүйсенбаевтың пікірімен (37-38-беттер) сабақтастыра ұсынады.
«Жыр жарысы» аталып, іштей бірнеше тараушаларға бөлінген бұл тарауда Пушкин шығармашылығы мен «Евгений Онегиннің» ерекшелігі, зерттелуі, түрлі тілдерге аударылу жайы, Абай аудармасының түркі халықтарының мәдениетіндегі маңызы т.с.с. жәйттер отандық, шетелдік зерттеушілердің еңбектеріндегі ой-пікірлерді ескере келіп және қажетті тұстарда пікір таластыра отырып, осы мәселелерге байланысты автордың өз көзқарасы нақты мысал-дәлелдер арқылы алға тартылады. Соның бір үлгісі төмендегідей:
«Пушкин Татьянасының «Хоть редко, хоть в неделю раз / В деревне нашей видеть вас» дейтін жерінде Абайдың Татьянасы «Шыдар ем күйіп, мен жанып, / Айында бірер көрсем де» дейді. Неге? «Аптасына» дегізбей-ақ қойсын, ол кезде қазақ бұлай сөйлемеген, «жұмасына» демейтіні қалай Абайдың? «Неделяның» «ай» емес, «апта» екенін білетіні шүбәсіз ғой. «Жұмада» десе де, буын саны асып кете қоймас еді. Демейтіні – Абай өз жырын қазақ ауылындағы қыз-бозбалаға арнап жазып отыр. Дала дегеніңіз деревня емес, тым құрығанда апта сайын бір рет, жексенбіде жұрттың бәрі шіркеудегі мінәжатқа жиналып жататын. Иен далада адамдар айына бір көріссе де, қуанып қалысады. Әсіресе қыз бен жігіт сирек ұшырасқан.
…Қалай дегенде де, аудармашы өз тіліндегі оқырман үшін жазады. Абай да ұлттық өлең мектебінде тәрбие алған оқырманның түсінік-пайымын, таным деңгейін, талғамын, қалыптасқан дәстүрлерді ескермей отыра алмайды» (83-бет).
Шынында да, «Евгений Онегинді» қазақша сөйлеткен кезде Абайдың өз дәуіріндегі елдің талғам-танымын, түсінігін ескеріп отыруы аса жемісті болды. Оның бір дәлелі – Абай аудармасының ел ішінде кең таралып кетуі, тағы бір дәлелі – Әсет Найманбаев, Қуат Терібаев, Сапарғали Әлімбетов, Әріп Тәңірбергенов, Есенсары Құнанбаевтардың Абай аударған «Евгений Онегинді» үлгі ете отырып, халықтық нұсқаларды дүниеге әкелуі, сол арқылы Пушкин шығармасының қазақ сахарасында танылуына үлес қосуы дер едік.
Абай аудармасында өз замандастарының түсінігіне лайықтай, еркін жеткізген тұстармен қатар, түпнұсқамен дәлме-дәл дерлік үлгіде берілетін шумақтар да аз емес. Бұл сипатты да кітап авторы назардан тыс қалдырмай, аударма мен түпнұсқаны салыстыра көрсетіп, Абай шеберлігінің тағы бір қырын танытып өтеді. Мұны автордың өз пікірімен жеткізсек: «Абайдың «Евгений Онегиннен» аудармаларында ақынның сөз сәйкестігінің де, бейне баламалылығының да, уәзін, екпін, ұйқас, интонация барабарлығының да жарқын үлгісін жасағандығына мына жолдарды орысша-қазақшасымен текшелеп қойып шықсаңыз көзіңіз жетеді. Қараңызшы:
Но так быть. Судьбу мою
Не болса да, өзімді

Отнына я тебе вручаю
Тапсырдым сізге налынып

Перед тобою слезы лью
Толтырып жасқа көзімді

Твоей защиты умоляю
Есірке деймін жалынып

Поэзия аудармасындағы ең қиын талаптың бірі – түпнұсқадағы екпін түсер ұйқасқан сөзді тәржімеде де екпін түсер ұйқасқан сөзбен келтіру. В. Брюсов мұны аудармашының хас шеберлігіне сынақтың үлкені деп білген. Абай аудармасы бұл жағынан да айызыңды қандырады» (110-бет), – деп түйінделеді. Еңбекте осы іспетті салыстырулар мен солардың негізінде алға тартылатын ой-пікір түйіндері жеткілікті.
«Евгений Онегин» романын Абайдан кейін Ілияс Жансүгіров, Қуандық Шаңғытбаев, Кәкімбек Салықовтардың аударғанын әдебиетке құмар жанның қай-қайсы да біледі. Бұл ақындардың аудармалары жайында да автор сөз қозғап өтеді. Әйткенмен біздің назар аударғымыз келіп отырған жәйт – осы шығарманы үш мәрте аударған қырғыз әдебиетіндегі талпыныстарға қатысты пікір білдірген белгілі әдебиет зерттеушісі К. Жидееваның сол аудармаларға көңілі толмай, оның себебіне қатысты айтқан ойы. Ол: «Евгений Онегиннің» қырғызшаға аударылған нұсқаларында тарихи-әдеби «алғы сөзі» болған емес; отызыншы-қырқыншы жылдардағы қырғыз мәдениеті орыс мәдениетімен өзара ықпалдастық пен аралас-құраластық барысында Пушкиннің данышпан туындысының сан қырлы қасиеттерін лайықты түрде бойға сіңіруге дайындалып үлгерген жоқ еді» (144-бет), – дейді.
Ал қазақ зерттеушісі Сауытбек Абдрахманов әріптесінің пікірін әрі қарай жалғастырған сәтте: «Ал бізде мұндай алғы сөз болды! Абайдың алғы сөзі. Абайдың арқасында кеңестік кезеңнің қазақ ақындары Пушкин туындысын бойға сіңіруге дайындалып үлгерді. Абай үлгісінің қадір-қасиеті де осында» (144-бет), – деп мақтана түйіндейді. Ал Абайдың аудармашылық үлгісі мақтануға да, шығармашылық ізденіс жолында бағдар етуге де лайық екені шындық.

* * *
«Абай Пушкинмен жарыса сөйлесе, Лермонтовпен қосыла сөйлейді» (262-бет), – дейді автор және осы пайымын «Сарындастық салтанаты» аталатын тарауда тарқата дәлелдейді.
Абай мен Лермонтов дегенде, осы тақырыпты өткен ғасырдың орта тұсында ден қоя зерттеп, бұл мәселеге қатысты парасатты ой-пікірлер айтқан әйгілі ғалым Зәки Ахметов еңбектері бірден ойға оралатыны белгілі. Сол себепті «Бұл тақырыпта тыңнан не айтуға болады?» деген сұрақтың тууы да заңдылық. Дегенмен аталған тарауды оқып шыққан адам көңілдегі күмәнді сұрақтың жауабын табары анық.
«Абайдың алыптығы Лермонтовтан аударған шығармаларынан тіпті бөлекше көрінеді. Ақын қазақ поэзия тәржімесінің шыңға шыққан шедеврлерін тап осы Лермонтовтың өлеңдерін аудару арқылы жасаған» (147-бет), – деп Абайдың бұл аудармаларына қатысты көзқарасы мен бағасын бірден айқын ұсынатын С. Абдрахманов осылай бағалауының мән-жайын Лермонтовтан аударылған туындыларды жеке-жеке талдай қарастыру кезінде ашады. Бұл ретте Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармалары аударылған уақыты бойынша ұсынылып, әр өлеңге байланысты мәлімет-деректер, әр жылдардағы көзқарастар қысқаша айтылып өтіп, қазақ ақынының Лермонтов поэзиясынан нақ сол өлеңді аударуға ықыластану себептері, Абай аудармаларына тән шеберлік сипаттары, ерекшеліктері т.с.с. мәселелер негізгі мазмұнға айналады. Бұл сөзімізге осы тараудағы отыз тараушаның қай-қайсы да дәлел.
Мәселен, «Ал сенейін, сенейін».
Кітап авторы өлең аудармасы туралы ойын М. Әуезов, З. Ахметов пікірлерінен өрістете бастап, екі тілдегі өлеңді өзара салыстыра отырып, сол негізде өзінің аңдап-аңғарғандарын, көңілге түйгендерін, ой тұжырымдарын дәлелдеп, тиянақтай жеткізеді.
Мысалға Лермонтовтың осы өлеңді жазуына, Абайдың сол өлеңді аударуына себеп болған жағдай – екі ақынның қайғы-қасіреті екенін, яғни он жеті жастағы орыс ақынының осы өлеңді жазуына махаббаттан жолы болмай әрі әкесінен айырылып, қайғы құрсауында қалуы себеп болса, бұл өлеңнің қазақ ақынының көңіл күйіне сай келуінің себебі өмірден ерте өткен інісі Оспанның қайғысы болғанын өлеңнің жазылған және аударылған уақыттарымен байланыстыра дәлелдеуі көңілге қонымды.
Демек, өлең аудармасының төл туындыдай көңілге қона қалуының бір себебі – қос ақынның жан дүниесіндегі үндестік екен. Осыдан сабақтай ойланып көрсек, көркем аударма сәтті шығу үшін түпнұсқа авторы мен аудармашы арасында ой-сезім ортақтығы, көзқарас үндестігі, дүниетаным сәйкестігі, талғам деңгейі тәрізді жәйттердің жарасым табуы маңызды мән иеленетінін байқаймыз. Бұл ретте бүгінгі аудармашылардың ұлы Абайдан үйренуге тиіс тағылымы – шығарма авторымен үндестік таппайынша, оның туындысын өз тіліңде сөйлетуге ұмтылмау қажеттігін түсіну болса керек.
Еңбек авторының екі мәтінді салыстыра келіп: «Умерших, но святых видений» дегеннен «Жүрегімді қан қылды, / Өткен адам, өлген жан» деп суырып алуы не Лермонтов өміріндегі трагедияны (әке өлімі) білген адамның, не сондай бір сұмдықты сезген адамның ғана қолынан туатын сияқты. Тегі, сезген болар. Ақынның Лермонтов ғұмырбаянына қатысты кітаптарды, мақалаларды оқығаны күмәнсіз» (160-бет), – деп өз ойын тағы бір пысықтап өткен тұсы да Абай тағылымын алға тартып тұрғаны шүбәсіз.
Сондай-ақ, зерттеу авторының: «Ал сенейін, сенейіннің» әрі жатық, әрі көркем аударма екенін «Что время лечит от страданья, / Что мир для счастья сотворен» «Жаралы көңіл жазылар, / Дүниеде рахат бар шығар»; «И жизнь поболее, чем сон!..» «Өткен өмір – көрген түс» деген сияқты жолдарды қатар салыстырсақ та көре аламыз» (161-бет), – деген пікірі оның бұл туындыны көркем аударма деп бағалайтынын ғана емес, сонымен бірге аударма туралы пікір айтқан кезде екі нұсқаны салыстыра қарастыру қажет екенін де аңғартады.
Жалпы, автор Абайдың қай аудармасы жайында сөз қозғаса да, сол шығарманы жан-жақты қарастыруды мақсат ететінін, соған сәйкес ой-тұжырымдарын ұсынып отыратынын айтқан едік. Осы сипат Абай-Лермонтов байланысы зерделенетін тарауға да тән. Автор қандай туындыны қарастырса да, әрлі-берлі ала қашпай, айтар ойын дәлелді, анық, тиянақты жеткізеді. Міне, осы себепті Лермонтовтан Абай аударған отызға жуық туындының өзіне, қазақ тіліндегі аудармасына қатысты мәліметтер мен көркем аударманы талдаудың үлгілерін көруге құмартқан әр оқырман бұл кітаптан өз қажетін таба аларына сене отырып, зерттеу авторының Гёте-Лермонтов-Абай үндестігінің жарқын үлгісіне айналған бір ғана өлең төңірегінде айтқан ойларына көз жүгіртіп көрелік. Әрине, бұл өлең – «Қараңғы түнде тау қалғып».
Автор осы өлең мен аудармалары жайында пікір айту барысында Б. Момышұлы, Ә. Нұрпейісов, Г. Бельгер, М. Құрманов, А. Гитович, М. Шагинян, Ш. Әзмұхамбетов, Т. Шапай, А. Кемелбаева, Б. Омарұлы, В. Левиктердің ойларын алға тартып, бірде келісіп, бірде ой таластырып отырады. Бұл жәйтті айтып отырған себебіміз – ғылым адамы үшін ең қажет талаптардың бірі – ыждаhаттылық, өзіне дейін пікір айтқан адамдарға құрметпен қарау екенін және бұл талаптың Сауытбек Абдрахманов еңбегінде ұдайы сақталып отыратынын аңғарту.
Кітаптың 168-бетінде Гётенің әйгілі өлеңінің жолма-жол аудармасы берілген:

«Барлық шыңдар басында тыныштық,
Ағаштардың басында
Болар-болмас леп байқалады;
Ормандағы құстардың үні өшкен,
Тек сабыр ет, сәлден кейін
Сен де тыныс табарсың».
Жолма-жол мағынасы осылай болып шығатын өлеңнің Лермонтов аудармасы да, Абай аудармасы да баршаға мәлім.
Ал осы туындыларды түрлі қырынан салыстыра отырып, мазмұнды ойлар айтатын автордың пікір жеткізу үлгісі көркем аудармамен айналысатын адамға да, көркем аудармаға баға беруді мақсат еткен адамға да, әдебиетқұмар оқырманға да пайдасы мол салыстыру, талдау, бағалау үлгілерін көрсетіп тұрғандай әсер етеді. Сол себепті зерттеу авторының: «Қараңғы түнде тау қалғып» – поэзия аударыла ма, аударылмай ма деген сауалға жауап. Өлең өмірді өзіндей өрнектей ала ма деген сауалға жауап та осы. Қазақтың тілі қандай тіл деген сауалға да жауап та осы. Қазақтың қолынан не келеді деген сауалға жауап та осы!» (174-бет) – деген түйінді бағасына өзіңіз де қосыласыз.
Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдеріне арналған тараушалардың қай-қайсынан да қазақ ақынының көркем аударма жасаудағы тосын қырлары ашылып отырады. Бұл да – зерттеуші С. Абдрахмановтың Абай аудармаларына ерекше ыждаhатпен қарағанын, ештеңені елеусіз қалдырмауға ұмтылғанын аңғартатын сипат. Сонымен бірге автор ұлы ақынның аудармаларын үлкенді-кішілі зерттеулеріне арқау еткен ғалымдардың еңбектерін, айтқан пікірлері мен көзқарастарын, түйінді ойларын да назарда ұстап, бір тұста қолдап, бір тұста пікір таластыра отырып, өзінің тұжырымды бағасын ұсынады.
Осы ойымыздың бір мысалы – М.Ю. Лермонтовтың «Не верь себе» өлеңінің аудармасы.
Автор Абайдың осы аудармасына байланысты ой айту барысында З. Ахметов, Ж. Ысмағұлов, Қ. Мұханбетқалиұлы, Қ. Оразаевалардың пікір, бағаларын еске ала келіп, өз көзқарасын дәлелдей ұсынады. Түпнұсқа мазмұнымен дәлме-дәл сәйкесетін аударма шумақтарды алға тарта келіп, бұл өлеңді Абайдың қаз-қалпында қазақша сөйлетуге қабілеті еркін жететінін аңғартып өтеді. Алайда аудармашылық әлеуеті осынша қуатты бола тұра, Абайдың бұл өлеңді Лермонтовтан басқаша өрістетіп әкетуінің сыры неде?
Сұрақ жауабын зерттеу авторы былай жеткізеді: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп білетін Абайдың «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз» дейтінін де ұмытпасақ, «Өзіңе сенбе, жас ойшылдың» бүкіл диалектикасы ашыла түседі. «Біліп оған не керек, / Ішіңнен қайғы жемесең, / Жалтаңдаған жас жүрек / Байғұс-ай десін демесең» – бұл жолдар Абайдың өз тарапынан қосқандары. Сөйтіп, Абай Лермонтов сарынын пайдалана отырып, философиялық лириканы дидактикалық өлеңге айналдырған. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл өлеңді Лермонтов поэзиясы негізінде аудармашы өз мақсатына орай туындатқан шығарма дегеннің қисыны көбірек келеді деп ойлаймыз» (179-бет).
Демек, Абай Лермонтов өлеңдерін қазақ қауымына таныстыруды ғана емес, орыс ақынымен іштей ой жарыстыруды, көзқарас, түсінігін салыстыруды, орайлы сәтте оның туындыларындағы поэтикалық сарындарды одан әрі дамыта жырлауды көздеген екен және сол мақсатына сәтімен жетіп отырған.
Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдерін қарастыру барысында зерттеуші С. Абдрахманов Абайдың әр аудармасының ерекшелігін үнемі екі тілдегі туындыны салыстыра отырып, дәлелді көрсетеді, сол негізде тиянақты түйін ұсынады. Мәселен, өзіміз сөз еткен үш өлеңнің аудармасына ғана қатысты зерттеуші пікірлерінен Абайдың аудармашы ретіндегі қандай ерекшеліктерін байқадық? Қысқаша айтсақ, Абайдың өлеңді аударуға ынта қоюына:
1. өлең авторымен талант деңгейлестігі, жан дүние үндестігі әсер етеді («Ал сенейін, сенейін»);
2. дүниетаным сәйкестігі, ақындық сұңғыла сезімталдық жетелеп әкеледі («Қараңғы түнде тау қалғып»);
3. өлеңдегі ойды өзінің таным-талғамынан өрістете жырлауға құштарлық себеп болады («Өзіңе сенбе, жас ойшыл»).
Зерттеу авторы Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармаларын түгел қарастырады және сол талдауларының бәрінде қазақ ақынының көркем аударма жасаудағы сан алуан шеберлік қырларын, ақындық-азаматтық мақсаттарын, ерекшеліктерін дәлелді ашады. Осы себепті автордың Абай мен Лермонтов арасындағы байланыс сипаттарын жан-жақты қарастыра келіп, тараудың соңына қарай ұсынатын: «Ақын (яғни Абай – А.К.) Лермонтовтан сырласын да, мұңдасын да, жанашырын да тапқан дей аламыз. Абай өзінің көкіреген кернеген ыза, нала, өкініш, уайымның бәрін де Лермонтов арқылы жеткізуге тырысқандай. Өз өмірінің сәулелі сәттерінде Лермонтов романтизмінен қуат алса, қиналған көңіл күйін Лермонтов демонизмі одан сайын күшейте түскен» (262-бет), – деген ой түйіні де әсіре бояусыз айтылған шынайы баға, көңілге қонымды пікір екеніне иланасыз.

* * *
«Мысал мектебі» тарауын автор: «Аударманың төл әдебиетімізге бергені көп. Соның бірі – мысал жанрын туындатқаны» (269-бет), – деп бастап, содан әрі қарай ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ тіліндегі баспасөзде жарияланған аудармаларға, соның ішінде Крылов мысалдарына шолу жасай келе, Абайдың Крыловтан аударма жасауы 1898 жылға тән екенін айтып, аударылған мысалдарды атап өтеді. Кейінгі тараушаларда осы мысалдардың аударылу жайына жеке-жеке тоқталады және осы мәселеге байланысты бір-біріне кереғар пікірлердің бар екенін ескертіп, зерттеушілердің ой-пікірлерін де ұсынып қояды.
Мәселен, зерттеушінің Абай аударған мысалдардан бірінші кезекте назар аударатыны – «Емен мен шілік».
Автор бұл туындының Крылов мысалдарының алғашқыларының бірі екенін айта келіп, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтін үзінділері негізінде мысалдың мазмұны мен идеясына тоқталып өтеді. Бір қызығы, осы тұста зерттеушінің көздегені түпнұсқа мен аударманы салыстыра талдаудан гөрі, осы аударманың Абай еңбегі саналып жүргеніне шүбәлануға көбірек ұқсайтыны байқалады және шүбәлануының жөні де бар. Бұл жәйтті зерттеуші автордың өзі былай жеткізеді: «Абай аударған мысалдарға байланысты күдік-күмән осы алғашқы мысалдан-ақ басталады. Нығмет Ғабдуллиннің «Абай сөзді бұлай саптамаса керек» атты мақаласында аудармадағы бірнеше сәтсіз тұстар келтіріліп: «Өлең жолдарының сүреңсіздігін, ұйқастарының қиюы кетіп, олақ әйелдің олпы-солпы пішілген көйлегінің қиқы-жиқы тігісіндей ұсқыны қашып тұрғанын дәлелдеудің де қажеті болмас», – делінеді. «Емен мен шілікті», бәлкім, Ақылбай аударған болар. Баяндау, бейнелеу әдістері, сөз саптасы соның өлеңдерінің мәнеріне келеді», – дейді де, «Емен мен шіліктегі» «Кавказға бір қап-қара бұлт мінді», «Дағыстан» поэмасындағы «Кавказдан қара бұлт шықты аспанға» сияқты ұқсастықтарды көлденең тартады» (278-бет).
Зерттеуші С. Абдрахманов бұл аударманың авторына қатысты өз ойын ашық айтпай кетеді, дегенмен Абайдың аудармасы ретінде ұсынылып жүрген осы іспетті басқа мысалдарға арналған кейінгі пікірлерінде мәселеге байланысты ұстаным, көзқарасы анық танылады.
Жалпы, бұл тараудан мысал жанры, оның пайда болу себебі, тарихы, арғы-бергі кезеңдердегі өкілдері, қазақ топырағындағы мысалдың ілкі үлгілері, жеке жанр ретінде көрінуі, Абайдың Крылов мысалдарын аудару себептері т.с.с. жәйттер жеткілікті қамтылған. Тараушаларда әр аудармаға байланысты автор ойлары, бағасы, салыстыру, талдаулары түсінікті жеткізілгендіктен, зерттеуші пікірлерін игілігіне жаратуды оқырманның өзіне қалдырып, осы тақырып төңірегінде әлі де түйіні шешілмей келе жатқан түйткілдерге қатысты кітап авторының көзқарастары мен ұсыныстарына көңіл бұруды жөн көрдік.
Бұл тұстағы түйткілдердің бірі – Абайдың аударғаны күмән тудырып жүрген мысалдар. Олар – «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі» («Боқтықта талтаңдап» нұсқасы) және «Бақа мен өгіз» мысалдары.
Осы аудармалардың Абай қаламынан шыға қоюына зерттеу авторының күмәндану себебі неде? Басты себеп, – автордың «Ала қойлар» турасындағы өз сөзімен айтқанда, – «Мысалдан Абай тіліне тән өрнекті көре қоймаймыз. Әуезовтің Абай аударған деген мысалдар қатарына осы «Ала қойларды» қоспауы да ойландырады» (300-бет). Міне, осы бағаны «Қарға мен түлкі» («Боқтықта талтаңдап» нұсқасы) мен «Бақа мен өгіз» мысалдарына қатысты да қолдануға болады.
Ал осындай күмәнді жәйттердің орын алуына не себеп болған? Бұл сұрақтың жауабын да автор М. Әуезовтің: «Абайдың 1945 жылы шығатын толық жинағында, Крыловтан Абай ғана емес, өзге адамдардың жасаған аудармалары да жаңсақ басылып кеткен. Әсіресе жинақтың тізілуін басқарған кейбір адамдардың шалағайлығы бойынша, жаңағыдай қолдарына түскен Абай қолжазбасының кейбір өзгешеліктерін аңдамауы бойынша, өзге тұста болмаса да, дәл осы Крыловтың мысалдарын тізген бөлімде көрінеу қателіктер кеткен» (307-бет) деген пікірінен табады.
Жалпы, автор бұл мәселеге байланысты көзқарасын Мүрсейіт қолжазбасы мен М. Әуезов, Қ. Мұхамедханов, Ы. Дүйсенбаев, Д. Ысқақұлы пікірлерін, Абайдың 1945 жылғы жинағы мен кейінгі кітаптарындағы мәтіндерді салыстыра отырып айқындайды және бұл мысалдарды Абайға телініп жүрген аудармалар ретінде тануды ұсынады.
Автордың «Абай аудармалары» деп аталып жүрген аудармаларға тағы бір күмәнданатын тұсы – «Есек» мысалына байланысты. Бұл мысал ұлы ақынның кітаптарында үнемі аударма ретінде жарияланып жүргені белгілі. Алайда Крыловта есекпен байланысты бірнеше мысал болғанымен, Абай жинақтарындағы есек әрекетімен мазмұны сәйкес келетіні жоқ.
Зерттеуші осыған назар аудара келіп, бұл мысалдағы ой-идея Шығыста кездесетінін айтады. Дәлел ретінде «Македониялық ІІ Филипптің (Ескендірдің әкесі, «Филипп өлді, Ескендір патша болды») «Алтын артқан есектің алмайтын қамалы болмайды» (314-бет) деген сөзін келтіріп, Плутархтың «Моралий» кітабындағы осыған ұқсас жағдайды да еске салады. Сөз түйінінде Абайдың «Ескендір» поэмасын жазғанын, сол себепті Ескендір төңірегінің әңгімесіне қанық болуы мүмкіндігін алға тарта келе, Абайдың өз мысалын жазуына Филипп сөзінің әсер етуі ықтимал екенін айтып, бұл мысал Абайдың өз туындысы болуы мүмкін деген болжам жасайды.
Кітап авторы ойлануды, ойласуды қажет ететін тағы бір пікірді 2020 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Конгениальность» аталатын мақаласында: «Мы же не считаем Лафонтена переводчиком Эзопа, а Крылова переводчиком Лафонтена, хотя в их баснях все или почти все совпадает с оригиналами. И делаем правильно. Потому что и Лафонтен, и Крылов адаптировали чужие сюжеты к французскому, русскому менталитету, их басни стали выражением, олицетворением национальных черт. Так и у Абая. Действительно, если крыловская басня не считается переводом из Лафонтена, то почему абаевская басня должна считаться переводом из Крылова?» – деп алға тартқан екен. Несі бар, орынды ой, құптарлық пікір.
Абайтану ісінде тағы бір назар аударуға тиіс мәселе Абай аудармаларының бауырлас халықтардың әдебиетіне әсері екенін де еңбек авторы қағыс қалдырмапты. Соған дәлел ретінде Тоғолоқ Молда мен Крылов мысалдарының үндесе көрінуінің себебіне үңілген қырғыз әдебиетшісі Құрманбек Абдыкеримовтің: «Тоғолоқ Молда өз заманының санаулы сауатты адамдарының бірі, озық ойлы, ілгерішіл болған. Ақынның көзін көрген кісілер оның түркі тілдеріндегі кітаптарды жүгіртіп оқи алатынын айтады. Оның тұсында қазақ халқының айтулы ағартушылары Ы. Алтынсарин, Абай Құнанбаев, татар халқының көрнекті ақыны Абдолла (Ғабдолла – С.А.) Тоқай өте танымал еді. Бұлар орысша білген және қазақшаға, татаршаға өздерінің қолына кездейсоқ немесе бір жағдайлармен түсе қалған Крылов мысалдарын аударған… Тоғолоқ молда қазақшаны, татаршаны жақсы білген. Әрине, оның жаңағы мысалдардың аудармаларын оқығаны немесе естігені сөзсіз» (318-319 б.б.), – деген ойын келтіреді.
Сондай-ақ, Абай шығармашылығының төл әдебиетімізде авторлық мысалдардың (Сәбит Дөнентаев, Асқар Тоқмағамбетов, т.б.) пайда болуына әсер еткенін кім жоққа шығара алмақ? Демек, әдебиеттанушы С. Абдрахмановтың бұл еңбегінің салмақты сипаттарының бірі абайтану ғылымының алдағы уақытта ден қоя зерттеуге тиіс мәселелерін көрсетіп отыруы деп бағалау абзал.
Автор көрнекті абайтанушыларымыздың еңбектерін дәйім көлденең тартып, үйренерлік үлгі етіп ұсынады. Мысалы, академик Зәки Ахметовтің Абай айшығын кері аударма жасау арқылы дәлелдейтін тәсілін орнымен қолданады. «Шегіртке мен құмырсқаға» байланысты былай дейді:
«Аударма классикалық реалистік аударманың нағыз өзі. Өлеңнің әуенділігінде, әуезділігінде, ұйқастарда мін жоқ. «Гөлайттап» деген русизм қалай ойнап тұр десеңізші. Түйіндеуші шумақ тіпті ғажап.
– Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
«Казахстанская правдада» жариялаған мақаламызда осы шумақтың кері аудармасын (Зәки Ахметовтің осы әдісті өте сәтті пайдаланатынын жаздық) «Ну что ж, было недосуг, певица, добрая душа! Если пела лето целое, Так танцуй же, вся трясясь!» деп жасаған едік. Әрі қарай: «Зимой ведь танцуют только так, содрогаясь всем телом, будучи охваченным дрожью, ознобом, трясясь от холода. Данный эффект дает одно-единственное уместно добавленное слово «селкілде» – «трястись, дрожать». В этом и заключается мастерство» деп түсіндіргенбіз».
Ғалымның Абай аудармашылығы туралы мақалалары «Литературная газета», «Независимая газета», «Аргументы и факты», «Комсомольская правда» сияқты беделді басылымдарда жариялануы – қосымша түсіндіруді қажет етпейтін факт. С. Абдрахманов бұл арқылы да төл әдебиетіміздің маржан туындыларын өзге тілде насихаттаудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Әбіш Кекілбаев мәдениеттанушылығы туралы жазылған «Корифей» кітабының Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзімен шыққаны баршаға белгілі.

* * *
«Асыл айшықтар» тарауында Абай аударған Дельвиг, Мицкевич, Бунин, Левенштейн, Полонский өлеңдерімен қазақ ақынының қалай таныс болғаны жайында қызықты мәліметтер ұсынылып, Абай аудармаларының көркемдік сипаттарына талдау жасалыпты.
Бұл қатарда автор әуелі Абайдың Антон Дельвигтен алған өлеңіне назар аударып, «…Абай Дельвиг мәтінін өз көзімен көрмеген де сияқты…» (322-бет), – деп оқырманды елеңдетіп алады да, содан кейін З. Ахметов пікірін ұсынып, өз ойын сол негізде дамыта тарқатады.
«Расында да, өлең алғаш рет 1934 жылы ғана, А.А. Дельвиг өлеңдерінің толық жинағында жарияланса, М.И. Глинканың қолжазбасы 1949 жылы ғана табылса, Абайдың бұл өлеңмен қағаз жүзінде танысуы мүмкін емес. Сонда қалай болғаны? Біздіңше, Абай бұл өлеңнің мәтінін М.И. Глинканың сол кезде кең тараған, тіпті орыстың халық әніндей болып кеткен «Не осенний мелкий дождичек» деген әні бойынша жатқа білген, жадына сүйеніп, аударып шыққан. «Аударып» деудің өзі шартты, өйткені Абай өлеңнің басын ғана дәл аударған. …Екінші шумағын тіпті басқаша шығарған. Содан барып, туындының табиғаты атымен өзгеріп кеткен» (323-324-беттер), – деп ой түйеді. Содан кейін Дельвиг өлеңі мен Абай аудармасын салыстыра отырып, екі өлеңнің ішкі табиғатындағы өзгерістерді, оның себептерін қазақ ақынының шығармашылық мақсатымен байланыстыра қарастырады.
Шағын ғана тараушада автордың осы өлеңге байланысты ой айтқан Н.С. Смирнова, З. Ахметов, Ә. Жиреншин, Т. Шапай, Ж. Ысмағұлов, А. Мұхаметқалиқызы, Т. Ибрагимов пікірлерін тілге тиек етумен шектелмей, сол пікірлерден туындата, абайтану ғылымында әлі де тереңдете зерттеуді қажет ететін мәселелерді көлденең тартып отыруы да құптарлық үлгі.
Осындай мәселелердің бірін «Қандай ақын болса да, Абай өзінің жүрегіне қонбаған өлеңі болса, соған жауап ретінде олармен ақындық таластырып, сын-өлең жазып отырған» деген Әбіш Жиреншин сөзі – есте ұстарлық сөз. Абайда «сын-өлең» деген де болған» (325-бет), – деген үлгіде меңзесе, келесі бір тұста Алмахан Мұхаметқалиқызының мақаласында алға тартылатын Ахат Құдайбергеновтің, Төкен Ибрагимовтің сөздеріне сүйене отырып, «Бұл деректерді Абайдың музыкалық шығармашылығын зерттеушілерге ой салар деген оймен ұсынып отырмыз. Білікті мамандар «Ақылбайдың әні» мен «Сұрғылт тұманның» немесе Абай әндері мен осы өлеңге шығарылған әннің айырмасы мен ортақтығын айыра жатар» (328-бет), – деп абайтануда назар аударылуға тиіс тағы бір мәселені аңғартып өтеді.
Автор бұл тараушада қарастырылатын өзге ақындардың өлеңдері мен аудармасына байланысты да танымдық деректері мен ой-пікірлерін ұштастыра ұсынып, тиянақты тұжырымдар жасайды, өз ұсыныстарын ортаға салады және олардың қай-қайсы да Абайдың шығармашылық болмысын мүмкіндігінше тани түсуге ниетті жандардың ойына қозғау салары күмәнсіз.
Ой салар деректер мен Абайдың ақындық жаратылысына тән қасиеттердің біраз қырына қанықтырып өтетін сөз Абай мен Иван Бунин төңірегінде өрбиді. Ал екі ақынды байланыстырып тұрған себеп – Буниннің 1888 жылы он сегіз жасында жазған «Не пугай меня грозою» деген өлеңі.
1888 жылы Буниннің кітабы шықпаған. Алғашқы кітабы 1891 жылы Орёл қаласында шамалы таралыммен шыққан екен. Семейге жете қоюы неғайбыл. Міне, Абайдың алғашқы жинақтарында «Қорқытпа мені дауылдан» деген атаумен жарық көріп келген бұл өлеңнің авторы біресе Пушкин, біресе Лермонтов болып көрсетілуінде осындай себеп бар екен, ал өлең авторы Бунин екенін алғаш дәлелдеген белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов екен.
Біз қолымыздағы кітап авторының бір ғана аударма төңірегінде айтқан бірер дерегіне ғана тоқталып отырмыз. Ал мұндай деректер жеткілікті. Бәрін тізбелемей-ақ, автор деректерінен өрбіте, негізгі ойымызға оралсақ, Семей кітапханасы 1884 жылы 54 газет-журнал жаздырып алдыртқан екен. Солардың қатарында «Неделя» апталығы бар. Бұл «Неделяның» «Книжки недели» деген қосымшасы болған және Буниннің өлеңі 1888 жылы осы қосымшада жарияланған.
Зерттеу авторы осындай деректерге сүйене отырып, Абайдың Бунин өлеңін осы жарияланымнан оқығанына ден қояды. Ал орыстың он сегіз жасар ақынының өлеңі Абайды несімен баураған?
Ғалым С. Абдрахманов бұл сұрақтың жауабын да жан-жақты ұсына келіп: «Бунин өлеңінің Лермонтов поэзиясының әсерімен жазылғаны талас тудырмайды. Тәржімеші таңдауының осы жырға түсуінің негізгі себебі де Лермонтов пен Бунин арасындағы сарындастық сабақтастығында деудің жөні бар. Абай Бунин жырынан да жанына жақындық, ойына ортақтық тапқан» (341-бет), – деп түйіндейді.
Абай аудармасының өлеңдегі көркемдік ерекшеліктерді, автордың стилін сақтау тұрғысынан да хас шеберліктің үлгісіне айналғанын түпнұсқа мен аударманы салыстыра талдау арқылы байқатса, қазақ ақынының аударма барысында өзіне ғана тән дүниетанымын, көзқарасын да үстеп отыратынын және оның себептерін де орайымен ашып көрсетеді. Сондай мәселенің бірі аудармашы рецепциясына қатысты айтылған. Бұл ретте зерттеу авторының: «Аударылған мәтін өзінің түпкілікті әрі толық мағынасына тек рецепция жағдайында, яғни нақтылы аудиторияның қабылдауына, түсінуі мен түйсінуіне қол жеткенде ғана ие болады. Мұндай рецепция бөгде мәдениеттің өнімін оны қабылдаушы мәдениет қайтадан пайымдағанда тіпті күшейе түспекші. Абай осыған қол жеткізген» (343-бет), – деген бағасы қазақтың ұлы ақынының әріден көздейтін ойының озықтығын, өз қоғамының қажетін тамыршыдай тап баса білген сезімталдығын айғақтайды. Байыптай қарасақ, осы пікірде Абайдың жалпы аударма барысында түпнұсқаға өз ойын үстеу, көркем мазмұнды басқаша өрістетіп әкету, көркем образдарға жаңа реңк дарыту тәрізді шығармашылық әрекеттерге баруының негізгі мақсаты да меңзеліп тұрғанын аңғарамыз.
Абайға тән осы мақсат, осы ерекшелік осы өлеңнің аудармасында да сақталған. Автордың сөзімен айтсақ, «Бунин болашақ туралы айтса, Абай болған шақ туралы айтады. Бунин келер шақпен сөйлесе, Абай өткен шақпен сөйлейді. Бунин уайымдайды, Абай пайымдайды. Бірақ Буниннің уайымы – қазақ «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» деп мәтелдететін уайым емес, Абай «Уайым – ер қорғаны, есі барлық» деп жазатын уайым» (344-бет).
Бұл тарауда Абайдың Дельвиг, Мицкевич, Бунин, Левенштейн, Полонскийден аударған өлеңдері қарастырылатынын жоғарыда айтып өттік. Дегенмен еңбек авторының осы ақындар мен аудармаларға қатысты кеңінен қамти жазған ой-пікірлерінің бәріне жеке-жеке тоқталу қажет болмас деп білеміз. Бір ғана айтарымыз – қандай мәселені қарастырса да, әдебиетші-ғалым С. Абдрахмановтың әртүрлі қырынан зерделеп, тиянақты ой түйетіні, толымды да дәлелді баға беретіні.
Ал әу баста Лермонтовқа телініп, ғалым З. Ахметовтің тынымсыз ізденісінің арқасында авторы Рудольф Левенштейн екені анықталған, Абай «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп аударған өлең жайынан сөз қозғаған тұста да зерттеуші С. Абдрахманов өз машығынан жаңылмай, бірталай дерек-мәліметтерді, салыстырулар мен талдауларын, ой түйіндерін алға тарта отырып, ғылымдағы мәдениеттілікке тікелей қатысты мынадай ұсыныс айтады: «Көңілім менің қараңғыны» «Дж. Байрон – М.Ю. Лермонтовтан», «Қараңғы түнде тау қалғыпты» «И.В. Гёте – М.Ю. Лермонтовтан» деп көрсететініміз сияқты, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне де алдағы кезде «Р. Левенштейн – В.А. Крыловтан» деп жазған жөн болар еді. Бұған дейін «(В.А. Крыловтан)» деп қана көрсетіліп келе жатыр» (349-бет). Үстірт қарағанға жеңіл-желпі нәрседей көрінгенмен, шын мәнінде осы тәрізді қарапайым әрекеттердің өзі ұлт ғылымының мәдениетін қалыптастыруға септесетінін ұмытпау ләзім.
Абай аудармалары қатарынан әуелде Лермонтовқа телініп келген шығармалардың бірі – «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» өлеңі. Осы өлеңнің арғы иесі Я. Полонский екенін және неліктен Лермонтовқа телініп кетуінің себебін анықтауда академик Зәки Ахметовтің қаншалықты еңбек сіңіргенін, қалай ізденгенін әйгілі ғалымның «Абайдың ақындық әлемі» атты зерттеуіне сүйене отырып көрсетуі де кітап авторының өзіне дейінгі ғалымдардың еңбегіне құрметпен қарайтынын аңғартады. Бұл да – ғылыммен айналысуды мұрат еткен әр адамның бойынан табылуға тиіс қасиет. Қолымыздағы кітап авторы осы ойды ашық айтпаса да, өзінің әрекеті арқылы аңғартады.
Ал өз тарапынан Абайдың бұл аудармасына қатысты пікір білдірген кезде: «Бұл өлең де Абай аудармашылығындағы асыл үлгілердің бірі» (355-бет), – деп бағалап, содан әрі қарай орыс және қазақ тілдеріндегі өлеңдерді салыстыру арқылы бұл бағасын бекіте түседі.

* * *
«Тәржіме тағылымы» тарауында: «Қазақ аударма өнерінің айналасы бір жарым ғасыр ішінде ерекше күрделі жолды басып өтуінде тіліміздің өзіндік байлығы өлшеусіз орын алады» (359-бет), – деген пікір бар.
Бұл – төл әдебиетіміздегі аударманың даму тарихына ғана қатысты сөз емес, аударма өнеріне бет бұрған әр адамға қойылар бірінші талап, яғни көркем аударма жасауға ұмтылған әр адамның тілді терең білуі, тіліміздің мол байлығын мүмкіндігінше өз бойына сіңіруі қажеттігін алға тартатын талап.
Сөз мағынасын түрлендіру, сөздің бейнелілік сипатын күшейту, сөздің көркем туынды әсерін арттырудағы рөлі, т.с.с. жәйттерге назар аударылатын бұл тарауда тілді жетік білу талабы Абай аудармаларындағы метафора, тұрақты сөз тіркестері, перифраз, символ, неологизмдер, қанатты сөздер, оқшау сөздер, тіпті сөйлем құрамындағы сөзді келесі тармаққа тасымалдау тәрізді тәсілдерді ақынның шебер пайдалануы негізінде көрінеді. Іздеген адамға бұл тарауда да Абайдан үйренер үлгі молынан табылады.
Бұл орайда автордың: «Абайдың басты еңбегі де, ерен ерлігі де әдебиеттің талап биігін көтеріп, эталонын жасап бергенінде. Оның ішінде Абай аудармалары да тәржімеге қойылар талаптарды өте жоғарыға шығарып кетті. Абай өз аудармалары арқылы қазақ тілінің ғажап мүмкіндігін көрсетіп берді» (370-бет), – деген бағасы орынды. Ендігі мақсат ұлы тұлғаның ұлағатты жолын лайықты жалғастыру болуға тиіс және бұл мақсат көркем аудармаға ғана қатысты болмай, өміріміздің барлық саласын, атап айтқанда, ғылым, техника, технология, заң, ресми қарым-қатынастар, т.с.с. салалардың бәрін қамтыған жағдайда тіліміздің көкжиегі кеңейе береріне күмән қалмас еді. Ол үшін қажеті – әр азаматтың өз халқын Абайша сүюі, туған еліне Абайша қызмет етуі ғана.
Демек, ешкім де аудармашылықты жеңіл іс деп қарамай, көркем аударманы да, басқа аударма түрлерін де ұлт мәдениетіне қызмет ету деп түсініп, асқан жауапкершілікпен, таза ниетпен қарағаны абзал болмақ. Өйткені, зерттеу авторының сөзімен жеткізер болсақ, «Жақсы аударма – тіл қадірін танытудың да сенімді жолы. …Тіл мен тілдің жарысы, түптеп келгенде, бейне бір ел мен елдің өнер жарысы десе де болады. Демек, аударма – ұлтыңның ұлылығын, еліңнің елдігін дәлелдеудің бір жолы» (373-бет).
Жалпы, зерттеуші С. Абдрахманов еңбегінде бірлесе шешім іздеу үшін алға тартылатын мәселелер аз емес. Кейбірін сөз орайында айтып өттік. Елеусіз қалдыруға болмайтын салмақты ұсыныстарының бірін автор былай жеткізеді: «Қазақ аудармасының тарихына байланысты теориялық тұрғыдан тиянақталуға тиісті бір мәселе бар. Төл әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігін ескере келіп, ауызша тарап жеткен көркем сөз мұраларымызды әдебиетіміздің тарихына жатқызамыз. Сондықтан ауызша жеткен аудармаларды аударма тарихына жатқызудың жайын ойластыру керек» (368-бет). Бұл да – алдағы уақытта әдебиет зерттеушілері жан-жақты ойласып, тиянақты қорытындыға келуге тиіс мәселелердің бірі.
Автордың аударма төңірегіндегі зерттеулер бағыты туралы айтқан пікірлері қатарынан: «Бүгінде аударма әр қырынан – лингвистикалық (психолингвистикалық), әдеби-тарихи, мәдениеттанушылық, философиялық-эстетикалық, ақпараттық, текстологиялық немесе семиотикалық тұрғыдан қарастырылады. Аудармаға көзқарастың мұндай әртараптылығы оны ең алдымен қоғамдық құбылыс ретінде талдау керектігін көрсетеді» (365-бет), – деген пікіріндегі аударманы қоғамдық құбылыс ретінде танып, талдау қажеттігін ескертуі орынды. Өйткені көркем аудармаға қоғамдық құбылыс ретінде қарау бүгінгі аудармашыға да, аударма редакторына да, аударма сыншысына да жоғары талап қоймақ. Яғни аударылатын дүние қоғамның көркемдік талғамы мен дүниетанымына, әдеби тілдің дамуына, шығармашылықта көркем бейнелеудің жаңа үлгілерінің пайда болуына қалай әсер етпек және аударма нұсқа қаншалықты сапалы шыққан, түпнұсқадағы автор стилі қаншалықты сақталған т.с.с. тәрізді сұрақтарға жауап беруге тиіс. Қысқаша айтқанда, аударылған шығарма қоғам игілігіне айналуы қажет.
Ал осы іспетті сұрақтарға жауап берудің жарқын үлгісін ұлы Абайдан табамыз және оның қандай үлгілер екенін әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың осы кітабынан көре аламыз. Кітап демекші, бұл кітапта автордың өзінен де үйренер үлгі аз емес.
Соның бірі – автордың осы еңбегінде оқырманға байланысты көздеген мақсаты. Ол мақсат автордың: «Кітапты ғылыми монография түрінде жазудан бас тарттық, көпшілік қауым, әсіресе мектептің жоғары сыныптарындағы ұл-қыздар, студенттер, әдебиетке қызығатын әр адам еркін оқып, еркін түсіне алатындай етіп, барынша ұғынықты тілмен, қарапайым ой қисынымен қағазға түсірдік» (374-бет), – деген сөзінен анық көрінеді және автор осы мақсатының үдесінен табыла білген.
Сондай-ақ, Абайдың ақындық табиғатын тануға мүдделі еліміздегі өзге ұлт өкілдері мен басқа елдердегі оқырмандарға арнап, кітапта орыс және ағылшын тілдеріндегі тараулардың берілуі де оң шешім. Бұл зерттеулердің орыс тілінде – «Конгениальность», ағылшын тілінде «Congeniality» деп аталуы да өзге жұртқа Абайды қандай деңгейде жеткізу қажеттігін аңғартады. Яғни қазақ ақыны өзі аударған ақындардың қай-қайсымен де иықтас, рухани кемелдігі жағынан тең деңгейде тұрғанын меңзейді. Бұл да – құптарлық мақсат.
Жалпы, ұлы ақынымызды дүние жұртына мейлінше жақын таныстырудағы ең маңызды әрекет оның өз шығармаларын сапалы аудару екені түсінікті. Осыған байланысты кітап авторының әйгілі грузин ақыны Николоз Бараташвилидің бір ғана «Мерани» өлеңін аударуға қатысты грузин халқының жасаған әрекетін үлгі етуі де «Шіркін-ай!..» дегізеді. Бұлай тамсануымыздың да себебі бар. Өйткені бұл өлеңнің Лозинский, Пастернак сияқты аударма шеберлері жасаған нұсқаларына да көңілі толмаған грузиндер Бараташвилидің 150 жылдығы қарсаңында өлеңнің үздік аудармасына сол кездегі Кеңес Одағы көлемінде конкурс жариялап, оған 200-ге жуық ақын қатысса да, нәтижесінде бірінші, екінші орындарға лайық аударма табылмай, Б. Ахмадуллина, Е. Винокуровтардың өзі ынталандыру сыйлығын қанағат еткен екен. Автор осы оқиғаны айта келіп, «Абайдың өзге тілдерге аударылуын да осылайша, мысалы, «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма» деген сияқты жеке өлеңдеріне арнаулы бәйге жариялау жолымен ұйымдастырсақ қой деп те қиялдап кетесің кейде…» (105-бет), – деген ой-арманын жеткізеді. Шындап келгенде, бір сәттік көзге түсіп қалу науқанына айналдырып жібермей, мемлекеттік деңгейде қолға алып, жан-жақты ойластырып, Абайдың өзіне ғана тән ойшылдық, ақындық, суреткерлік қасиеттеріне сай келетін нағыз аударма дүниеге келгенше толассыз қолдау жасалар болса, ұлы ақынымызды Данте, Гёте, Байрон, Пушкин сияқты әлемдік поэзия алыптарымен қатарласа, жарыса оқылатын биіктен көруге жол ашылары даусыз.
Сөз түйінінде кітаптың тағылым алар сипатына қатысты қысқа қайырым ойымызды айтсақ, ол тағылым – біртуар Абай болмысына, шығармашылық даралығына үңілуден үмітті кез келген адамның бұл мәселеге тыңғылықты дайындықпен келуі қажеттігін; сондай-ақ, көркем аударма жасауға немесе көркем аударма туралы пікір білдіруге ниеттенген әр адамның түпнұсқа мен аударма нұсқаға қатысы бар жәйттердің қай-қайсын да елеусіз қалдырмай, мүмкіндігінше тиянақты ізденуі, салыстыра қарастыруы қажеттігін аңғартуы және үлгісін көрсетуі дер едік.
Ал өз тарапынан осы талаптарға толыққанды жауап берген белгілі әдебиеттанушы ғалым Сауытбек Абдрахмановтың үш тілде жарық көрген «Алып Абай. Конгениальность. Congeniality» кітабы данышпан Абайдың аудармашылық шеберлігімен қатар, жалпы көркем аударма сырына да қанығуға құштар оқырманның игілігіне айналары анық.

 

Кенжебай АХМЕТОВ




ПІКІР ЖАЗУ