«ОЛИВЕР ТВИСТІҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ» РОМАНЫНЫҢ ҮШІНШІ БАСЫЛЫМЫНА АЛҒЫСӨЗ

Чарльз Диккенс

Осы шығармадағы кейбір кейіпкерлерді Лондон тұрғындарының әбден азып-тозып, қылмыскерлікке бой алдырған өкілдерінің арасынан таңдағаным бір кезде дөрекілік әрі әлепсіздік деп есептелген.
Кітапты жазу барысында қоғамның өзіміз мақтан тұтатын сорпакға шығарлары секілді аннан қашқан-мұннан қашқан қағылған-соғылғандар да (олардың айтқан сөздері құлаққа соншалықты жағымсыз естілмейді) моральдық мақсаттарға қызмет ете алатынына және бүған кедергі келтіретін ештеңе жоқтығына көзім жеткендіктен «дер кезінде» деген ұғым «үнемі» және «ұзақ уақыт бойы» дегенді білдіре бермейтініне өз-өзімді сендіруге батылдық еттім. Ондай жолды таңдауыма орнықты себептер де болды. Ұрылар туралы мен оқыған ондаған кітаптың кейіпкерлері ылғи жақсы жігіттер (көпшілігі жайдары мінезді), әдемі киінеді, әмияны ақшаға толы, атқұмар, өз-өзіне сенімді, сұлуларға қырындауды жете меңгерген, ән салады, карта мен құмар ойындардың шебері – қайда жүрсе де айналасы ойын-сауыққа толы. Өз басым нақты өмірдің жалаң да жадау қырларымен ешқашан бетпе-бет келіп көрмеппін (Хогартты қоспағанда*). Қылмыскерлер тобының нақты мүшелерін шынайы бейнелеп, олардың жиіркенішті тірлігін әшкерелеп, пасықтығын көрсетіп, түкке тұрғысыз күн кешіп жүргендерін айдай әлемге жайып салсам, сөйтіп іс жүзінде олардың қандай бейшаралар екенін паш етсем жетіп жатыр – сонда олар үнемі жасырынып жүруге тырысады, бір мезет байыз тауып отыра алмай, өмірдің ең лас, ең қорқынышты соқпақтарымен ғана жүретін болады, қайда көз жіберсе де алдарынан дар ағашы күтіп тұрғандай болып елестейді, – осының бәрін суреттеп берсем жеткілікті, қоғамға қызмет еткенім осы болады деп ойлайтынмын. Қолымнан келгенше солай істедім де.
Оқыған кітаптарымдағы осындай кейіпкерлер үнемі біреулерді еліктіріп, орға жығып жүреді. «Кедейлер операсындағы» (1685-1732 жж.. өмір сүрген ағылшын ақыны Джон Гэйдің 1727 жылы жазылған балладалық операсы – аудармашы) ұрылардың өмірі әсем бейнеленген, іштей тамсанып қаласың: қолындағы билігіне-ақ талайлар қызығатын капитан Макхит пьесадағы жалғыз-ақ мінсіз кейіпкер — ару қыздың жүрегін жаулап алып, махаббатқа бөленеді, аңғал көрермен оны шын көңілімен құрметтеп, соған еліктеуге тырыса бастайды, бұл кейіпкерді біз Вольтер айтып кеткен, екі-үш мың адамға әмір ету құқығын сатып алып, сосын олардың өмірін қара бақырға бағаламайтын қызыл мундирлі ақжарқын джентльменнің қатарына қояр едік. Макхитты өлім жазасына кескен үкімнің күші жойылды, енді ұрының жолын кім таңдар екен деген Джонсон қойған сұрақтың, меніңше, бұл әңгімеге еш қатысы жоқ. Бірақ Макхиттың өлім жазасына кесілуі және Пичум мен Локит тәрізді кейіпкерлердің сахнадан көрініс беруі біреулердің ұры болып шығуына кедергі келтіре ала ма деп өз-өзімнен сұрайтыным бар. Капитанның шытырманға толы өмірін, сырт келбетінің тартымдылығын, үнемі жолы болғыштығын және жігіттік қасиеттерін ескерер болсақ, дәл сондай ерекшеліктерімен дараланатын көрермен үшін капитанның өмірі ескерту бола алмайтынына және ақыр соңы дар ағашына әкеп тіресе де бұл пьесадан бірде-бір адам қызыққа толы көңілді өмір жолынан басқа ештеңе көрмейтініне сенімім арта түседі.
Іс жүзінде, Гэй өзінің өткір сатиралық шығармасында тұтас қоғамды сынайды, бар назары сондай маңызды мәселеге ауып кеткендіктен, кейіпкерінің көрермендерге қалай әсер ететініне соншалықты көңіл бөле қоймаса керек. Дәл осы пікірді сэр Эдуард Булвердің асқан көркемдікпен жазылған «Пол Клиффорд» деп алататын романына қатысты да айтуға
(Англияда реалистік көркемсурет өнерінің негізін салған Уильям Хогарттың (1697-1764 жж.. өмір сүрген ағылшын суретшісі) сюжетті гравюралар сериясын айтып тұр.)
болады, бұл шығарманың мен қозғаған тақырыпқа мүлдем қатысы жоқ; автордың өзі де алдына ондай мақсат қоймаса керек.
Осы кітаптардың парақтарында бейнеленген Ұрының күнделікті тірлігі қандай? Жамандық жасауға бейім тұратын жастар не үшін қызығады оған, надандықтан көз ашпай, сауатсыздық батпағына белшеден батқан балаларды несімен еліктіреді? Мұнда ай нұрына бөленген жусанды даланы дүңкілдете шапқан аттар да, жайлы үңгірде думандатқан көңілді қауым да, сәнді киімдер мен әшекейлер де, кестелі шілтерлер мен ұзын қонышты етіктер де, қызғылт-күлгін жилеттер мен оның қайырмалы жеңі де, бағзы замандардан бері «еркін өмірді» жырлаушылар мадақтап келген сән-салтанат пен қызықты оқиғалар да – солардың бірде-бірі жоқ. Түнгі Лондонның сұрғылт та сызды көшелерінен уақытша болса да тынығар орын таппайсың; лас та сасық күркелер – азғындық жайлаған орыннан басқа ештеңе емес; аштық пен ауру жайлаған лашықтарда тұратын бейшаралардың үстеріне ілгені тозығы жеткен жабынды ғана, – осы да қызық болып па?
Табиғатынан нәзік жаралған тәрбиелі адамдар ондай сұмдықққа шыдай алмайды. Дегенмен қылмысты көріп, теріс айналып та кетпейді, олардың көңілінен шығу үшін қылмыскердің өзін сылап-сипап, әсемдеп-әдемілеп, дәмді тағамдай етіп арнайы дайындау керек. Жасыл барқытқа малынған әлдебір Макарониге (18-ші ғасырда Лондонда өздерінің «Макарон клубын» құрған ағылшын сәнқойларын әжуалап осылай атаған – аудармашы) сүйсіне қарауға болады, ал жыртық көйлек киген Сайкс – нағыз жексұрынның өзі! Қысқа юбка мен маскарад костюміне оранған миссис Макаронидің суретін салып, литографияда бедерлейді, олар туралы ән шығарады; ал арзанқол көйлек киіп, жұқа шәлі жамылған Нэнси жайында жұмған аузыңды аша алмайсың! Ізгілік атаулы түгелімен лас шұлықтан бойын аулақ салады, ал сәнді лента тағып, әсем киінген Зұлымдық тұрмысқа шыққан әйел секілді есім-сойын өзгертіп, бұдан былай Романтика деп аталатын болды.
Бұл кітаптың тағы бір міндеті – өмірдің қатал шындығын көрсету, романдарда мақталып-мадақталып жататын адамдардың шын келбеті абайсызда әшкереленіп қалуы да мүмкін, сондықтан Алдамшының сюртугындағы толып жатқан жыртықтың бірде-бірін, Нэнсидің жалбыраған шашын бұйралауға арналған кәдуілгі қағазды оқырманнан жасырған жоқпын. Ондай сұрқайлықты көруге дәті бармайтын кінәмшілдерді сұлулыққа ғашық деп атай алмас едім. Ондайлардың арасынан өзіме жақтас табуды да ойламаппын. Олардың оң немесе теріс пікірлеріне құлақ қойып көрмеппін, қолдауына мұқтаж болған емеспін және кітабымды олардың көңілін көтеру үшін жазған жоқпын.
Бәз біреулер Нэнсидің қатыгез тонаушыға жан-тәнімен ғашық болуы шындыққа сай келмейді дейді. Сонымен қатар, Сайксты да ара-тұра жазғырып жатады – оған қара бояуды көп жағып жіберіппін, ғашығына тән қасиеттер оның бойында жоқ болып шықты, әйтпесе оны ақтап алуға болады екен, тап осы қасиеттері үшін қыздың өзін бұл шындыққа сай келмейді деп тапқандары жайына қалды. Бұған жауап ретінде енді қайтып түзелместей болып бұзылып кеткен, сезімнен жұрдай, жанашырлықты білмейтін адамдар бұл дүниеде әлі де толып жүргенін ескерте кетейін. Қайткен күнде де бір нәрсенің басы ашық: Сайкс секілділер өмірде бар, романда суреттелген уақытты және сондай жағдайларды мұқият бақылап, зерделесеңіз, олардың бірде-бір әрекетінде ізгі сезімнің жұқанасы да жоқтығына көз жеткізер едіңіз. Олардың бойындағы адами сезімдер түгел өліп тынған немесе жан дүниесіндегі әсер етуге болатын пернелерді тот басып, қатып қалған, сол пернелерді табу да мүмкін емес – анығын айта алмаймын, бірақ мәселе сонда екеніне сенімім кәміл.
Ғашық қыздың іс-әрекеті мен мінез-құлқы шындыққа сай келе ме, жоқ па, мүмкін бе бұл, ақылға қонымды ма, дұрыс па, теріс пе деген тақырыпта дауласудың да керегі шамалы. Өйткені бұл – шындықтың өзі. Өмірдегі ондай мұңлы жәйттерді көзімен көрген адам бұған еш күмәнданбайды. Осы бейшара қыздың алғаш рет пайда болған сәтінен бастап қаны сорғалаған басын тонаушының кеудесіне қойғанға дейінгі суреттелген жәйттердің бірде-бірінде әсірелеу де, өзгелерге тән нәрсені күштеп таңу да жоқ. Бұл – тап-таза шындық, осы шындықты азып-тозған бейшаралардың көкірегіне Құдайдың өзі сіңірген; олардың әлі де үміті бар; әбден шіріп, сасып кеткен құдықтың түбіндегі бір тамшы таза су сияқты. Бұл — адамның жаратылысындағы ең ізгі және ең пасық қасиеттердің жиынтығы – бәлкім олардың жаман қырлары көп шығар, бірақ жақсы жақтары да бар; адам бойындағы қайшылықтар осыдан құралады, ондай кереғарлық бір адамның бойында болуы мүмкін емес сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бар және бұл – нағыз шындық. Біреулердің осыған күмән келтіргеніне қуанамын, өйткені бұрын осы шындықты айтып беруім керектігін растайтын жәйттерге мұқтаж болсам, енді сенімім арта түсті.
Бір мың сегіз жүз елуінші жылы әлдебір аңғалдау олдермен (муниципалдық кеңестің мүшесі – аудармашы) Лондон қаласында Джекоб аралы деген жоқ деп жар салды*. Бірақ Джекоб аралы бір мың сегіз жүз алпыс жетінші жылы да сол орнында тұр (әлі де бұрынғысынша адам қызығатын жер емес), бірақ едәуір жақсарып қалған.
(Ч.Диккенстің «Оливер Твист» романында суреттелетін Лондонның кедейлер мекендейтін шеткері аймағы. 1850 жылы «Обсервер» газетінде Лондон қаласының олдермені Питер Лоридың мақаласы жарияланып, онда Джекоб аралы «мистер Диккенстің осыдан он жыл бұрын жарық көрген романында ғана бар» делінген және соны жазушының өзі де қуаттапты-мыс.)

Аударған Нұрлан ҚАМИ




ПІКІР ЖАЗУ