ЖАС КЕЗІМДЕ ТӨРТ ҚҰБЫЛАМ САЙ ЕДІ…
Белгілі ақын, драматург, публицист, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Ақылбек Шаяхметті оқырман қауымға таныстырып жату артық болар. Қаламгердің жарты ғасырға ұласқан шығармашылық ғұмырында алған сыйлық, атақтары да жетерлік. Біз бүгін көрнекті шайырды жетпіс бес жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін жариялауды жөн көрдік.
Үйрендік
Төңіректі жарық қып күн шыққанда Шығыстан,
Не боп кетті үнемі қуанатын туысқан?!
Көрші-көлем дегенде жақсы ісінен үйреніп,
Жүрміз бе осы шынында жаманынан жиреніп?!
Жерімізге қол салып, айырғанда қоныстан,
Арақ-шарап ішуді тез үйрендік орыстан.
Майдай жақты біздерге өзге дәстүр, жат ұстам,
Жыртық шалбар кигенді алып келдік АҚШ-тан.
Қасиетті Меккеде елді аузына қаратқан,
Шолақ шалбар дегенді алып келдік арабтан.
Жаңалыққа біздегі елдің әбден еті өлген,
Пәрәнжіні бет жапқан алып келдік шет елден.
Көбейгенде қым-қиғаш ұрыс-керіс шатысқан,
Алдау-арбау дегенді үйрендік біз Батыстан.
Киносынан үндінің үйренгендей өлеңді,
Үйрендік біз Қытайдан бақа-шаян жегенді.
Ағылшынша ән салып, өшіру де шырақты
Шетте жүрген тамсанып жастарға да ұнапты.
Өзге тілде шүлдірлеп, үлгі қылған қаңсығын,
Кім түсінер жан сырын ән шырқаған әншінің.
Айтатұғын бос өкпе салдыр-салақ күйге ендік,
Тамақ жеуді төсекте, қол жумауды үйрендік.
Ата салтын жоғалтпай, тазалықты сүйген жұрт,
Шешпей аяқ киімді төрге шығып үйрендік
Бұрын баба сөздерін көкірекке түйген жұрт,
Ұрлық жасап үйрендік, кісі өлтіріп үйрендік.
Маса үймелеп қоқыста жылап жатса шарана,
Оны да біз үйрендік деп айтуға бола ма?
Жап-жас жастар өрімдей өзіне өзі қол салып
Жатқанда да таң қалмас қалыпқа енді барша жұрт.
Мейманасын байлардың, көрген күнін жарлының
Жинағандай қоржынға алып келдік барлығын.
Құлақ салар кім маған, сөзімді кім салмақтар,
«Не болды деп ұрпағым?» – аунап жатыр аруақтар.
Талғам
Әркімнің де қалауы бар өзі сүйіп ұнатқан,
Кейбіреуге шалап артық қымыз бенен шұбаттан.
Сарқыт жесе қалған астан кейбіреулер күні үшін,
Дастарханда айран-асыр біреу отыр у ішіп.
Тек ботқаны талғажау қып, етсіз тағам таңдаған,
Қазы-қарта, жал-жаяны аузына алмас жандар бар.
Кедейлерге жүрек сазса, тамақ таңдар кез емес,
Бақа-шаян жеп күнелткен кісілер де аз емес.
Неге керек көп алдында мүләйімсу, көлгірсу,
Сорпа болып көрінеді кейбіреуге сылдыр су.
Есек озып арғымақтан, бәйге алса да әлдекім,
Біліп тұрсаң, арта қоймас оған деген құрметің.
Кей пысықтың салпыншағы сылдырласа кеудеде,
Көптен асып, елден озып, қызық көріп жүр деме.
Біреулердің мінген аты және киген шапаны
Қызғаныштың құлы болған тоғышарға батады.
Жатыпішер надандардан аса алмаса білімір,
Бай-мырзаның қорасында малын аңдып ұры жүр.
Дайын асқа ие болмай, қылар болсаң сәл шыдам,
Қолыңды соқ, адам көрсең бұлақ көзін аршыған.
Талғам деген сондықтан да әр адамда әртүрлі,
Сен өмірді бағалама өз талғамың арқылы.
Бөлінеміз неге біз?
Қараймыз ба шекеден өсіп-өнген жұртқа біз,
Бөлінеміз нәсілге, бөлінеміз ұлтқа біз.
Өз қотырын қасыған мақтан сүйер пендеміз,
Бөлінеміз руға, бөлінеміз жерге біз.
Ұқсас болып тұрса да тамырдағы қанымыз,
Бөлінеміз ұрғашы, еркек болып бәріміз.
Жүргеннен соң жер басып, атқан сайын таңымыз,
Бөлінеміз бай болып, кедей болып тағы біз.
Есік пен төр арасы – бұл ғұмырда тым қысқа,
Бөлінеміз бастық боп, басқа болып жұмыста.
Қонаққа деп, бізге деп бөлмені де бөлеміз,
Түсінбеймін, бөлуді неге жақсы көреміз?
Көп кісіге ұнайды, бірақ, осы бөліну,
Ауылдасқа, туысқа жақын болып көріну.
Туыстан да жат артық болып жатса кей кезде,
Басқаларға іш тартып, өзгереміз ілезде.
Өмір деген мұхитта бір болса да кемеміз,
Өзім және өзге деп бөлінумен келеміз.
Бөлу деген жақсы емес, ал көбейту – жақсы амал,
Көп болса екен адамдар көбейгенді бақ санар.
Түсінесің
Таршылықта түсінесің тауқіметтің ауырын,
Жақсылықты түсінесің көрсең дұшпан жәбірін.
Ауырғанда түсінесің дәрінің де шипасын,
Қараңғыда түсінесің жарықтың да қадірін.
Болса бойда сарқылмайтын қанағат пен сабырың,
Соғып тұрса денеңдегі алпыс екі тамырың.
Жалғыз қалсаң түсінесің дос-жаранның керегін,
Қиналғанда түсінесің қуаныштың қадірін.
Әдебиет отауында
Әдебиет деген отаудың төрінде отыр қасқалар,
Жабулы тұрған есіктен кіре алмай жатыр басқалар.
Су құйып бірі мейманға, табақты тасып біреу жүр,
Жақсыға жақын болсақ деп қалмаған кезде басқа амал.
Отырған көрпе үстінде ығай мен сығай, марқасқа,
Біреуі басқа, біреуі ие болыпты жамбасқа.
Біреуге жілік, қабырға, біреуге тиіп омыртқа,
Ас-суын ішіп отырып, айтады қалжың құрдасқа.
Сыбаға жақсы болған соң қонақтың ашық қабағы,
Бұйырмаған да қу сүйек далада жүрген бар әлі.
Біреуге ұнап асату, біреулер бата сұраса,
Дәметіп жүрген тағы бар бос қайтпас дейтін табағы.
Сыйлы да күйлі меймандар жан-жақтан келіп табысқан,
Ақ отау менен қараша үй көрінер көзге алыстан.
Атақты және атақсыз ақындар отыр екі үйде,
Белгісіз әлі қайсысы келері озып жарыстан.
Шықтым деп төрге кей пенде қонақжай елде мәз болар,
Өмірдің заңы бұлжымас. Апарар өрге жол болар,
Қажымай, талмай, қамықпай, жүргендер болса шалдықпай,
Кезегі келсе түбінде шығуы да анық төрге олар.
Сүйекті мұжып, жантайып, сусынын ішіп, жеген бал,
Даңғойлар жайлы бұл жерде жазылмай жатқан өлең бар.
Дарынды сыйлар ел барда, сөз барда аса қуатты,
Кіремін деген отауға менің де есек-дәмем бар.





